Казталов аудандық пробация қызметінде биометриялық терминал орнатылды. Еліміздің санаулы облысына ғана қолжетімді құрылғы өңіріміз бойынша тек Қаратөбе және Казталов аудандарында бар. Бүгінде Казталов және Жалпақтал пробация қызметтерінде аталмыш терминал қызметін жүзеге асырып бастады.
Биометриялық терминалдың жұмысымен танысу үшін аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, аудан прокуроры Нұрлыбек Мұсағалиев пробация бөліміне атбасын бұрды. Нұрлыбек Мұсағалиев аталмыш құрылғының сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда да септігі мол екенін атап өтті.
– Казталов ауданы прокуратурасының бастамасымен және аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық пробация қызметтерінде (Казталов және Жалпақтал) есепте тұрған сотталушылардың жүріс-тұрысын бақылауды оңтайландыру мақсатында екі биотерминал орнатылды. Биотерминалдың жұмысы пробация қызметін жетілдіруге және оны ашық түрде жүргізуге бағытталған. Биотерминалдарды пробация қызметіне пайдаланудың маңызы зор.Ол қызметкерлердің жұмысын жеңілдетіп, қылмыс жасауға бейім емес сотталғандармен профилактикалық жұмыс жүргізуге оң әсер етеді. Бұл жүйе сотталғандардың саусақ таңбасын, қолы мен бетінің геометриясын автоматты түрде тануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сотталған тұлғаларды уақтылы бақылауды қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық жағдайын болдырмауға оң септігін тигізеді. Құрылғымен бақылау жасау қызметкерлердің уақытын үнемді пайдалануға жағдай туғызады, - деді аудан прокуроры.
Аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Салауат Байдуллиннің сөзіне сүйенсек, ауданымызда 66 сотталған азамат пробация есебінде тұр.
Сотталған тұлғалардың өздері де бұл құрылғының қолайлылығын байқап отыр. Бұрын-соңды тіркеуге келген кезде жүріп-тұру есебін жазу үшін кезекте тұратын. Ал енді саусақ ұшын құрылғыға қойып, тіркеудің күні және сағаты белгіленіп, аз уақыт жұмсайтынын айтып, пікір білдіруде.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz