15.08.2024, 12:45
Оқылды: 273

Пробациялық қызметтің маңыздылығы мен мақсаты қандай?

Қоғамдық санаға әлі де сіңіп болмаған, әйтсе де пробациялық қызметтің еліміз бойынша жұмыс атқарып жатқанына санаулы жылдар ғана өткені рас. Дейтұрғанымен, аталған қызметтің қоғамымызға да, сонымен қатар осындай қызметті алушы тұлғаларға да қажеттілігімен бірге маңыздылығының зор екендігі байқалып отыр.

Полиция ЖП (жаңа фото)

«Пробация қызметі – қылмыстық жазаларды қоғамнан оқшауламай орындауды қамтамасыз ету жөніндегі атқарушылық және өкімдік функцияларды жүзеге асыратын және өзінің есебінде тұрған сотталғандардың әлеуметтік-құқықтық көмек алуына, қайта әлеуметтендіруге жәрдем көрсететін, сондай-ақ күдіктіге қатысты сотқа дейінгі баяндаманы жасайтын қылмыстық-атқару жүйесінің органы. Бұл қызмет түрін қоғамға өте қажетті деп қазіргі таңда нық айта аламыз. Себебі жұмыс барысындағы және жылдар бойғы тәжірибемізден түсінгеніміз – сотты болғандар да қоғамнан алшақтамауы тиіс. Істі болған, ісі сотта қаралып, жазасын өтеп жүрген күннің өзінде біз оны қоғамға тартып, сол адамның тағы бір қылмысқа бармауы үшін, сонымен бірге өзінің іс-әрекетінің дұрыс еместігін әбден түсініп, жазасын өтегені дұрыс дейміз. Сондықтан пробация қызметі адамдардың қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу үшін, сонымен қатар олардың мінез-құлқын түзеуге бағытталған бақылау ретінде және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы қызмет түрлері мен жеке айқындалатын шаралар жүйесі болуы тиіс, - дейді Шыңғырлау ауданының прокуроры Серік Орынғалиев. 

Иә, әріден ойласақ, адам өмірде талай жағдайға душар болатыны белгілі, тіпті кейде мінез-құлқы дұп-дұрыс жанның күтпеген жерден қалт басып немесе оқыс жағдайдан аяқ асты қылмыскер болып шығуы әбден мүмкін ғой, тіпті кейде заң білетін, оқыған-тоқығаны бар азаматтардың  әртүрлі жағдайлармен қателікке жол беріп, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқанын да көріп жүрміз. Адам сондай кезде ең алдымен психологиялық дағдарысқа ұшырайды. Ешкіммен сөйлесе алмай, қуыстанып, немесе агрессиялық мінез көрсетіп тез өзгеріп шыға келеді. Ең қиыны, мінезге де байланысты шектеулер пайда болып, яғни, олар қоршаған ортадағылармен және өздеріде қоғамнан, моральдық жағынан да іштей болсын шеттетіледі. 

Міне, осы кезде ондай тұлғаларды қоғамнан шектемей, оларды барынша қоғамға қайта бейімдеуге, өмірлеріне оңды ықпал ету мақсатында әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қажет-ақ. Пробациялық қызметтің сан алуандылығы сондай, айталық, денсаулық жағдайына қарай  медициналық көмек тағайындау, қысқа мерзімдік оқуға жолдау, тұрақты немесе мерзімдік жұмысқа орналастыру, бірреттік ақшалай әлеуметтік көмек көрсетуге ықпал жасауға мүмкіндік бар.   

Сондай-ақ, тұрғылықты жері бойынша пробация есебіне тіркелген әрбір азаматтың құқықтарын,  бостандықтарын және заңды мүдделерін сақтау,  заңдылық, ізгілік, сотталғандарға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмек көлемін айқындау және жүзеге асыру кезінде сараланған  және қоғамға пайдалы белесенді  мінез-құлқын  қалыптастыруды да осы пробация қызметі реттеп отырады.

Қазіргі таңда пробация қызметкерлері сотты болған адамды отбасынан, туыстарынан ажыратпай, оның бойында қоғамды сыйлау, заңға бағыну т.б. жақсы мінез-құлқын қалыптастырып, қайта бейімдеу жұмыстарын жүргізеді. Мұның сол азаматқа тиер пайдасы мол, себебі соттылық мерзімі қысқарып, жазасын ерте өтеуге мүмкіндік туады.  

– Пробацияда есепте тұрған, пробация жұмысының тиімділігін байқаған тұлғалалар оның арқасында өз тағдырларына немқұрайлы қарамай, жақсы өмірге талпынары сөзсіз, - дейді заңгерлер.

«Біздің ауданымызда пробациялық қызмет талапқа сай жүзеге асып келеді. Оған қоса, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі де қолдау көрсетуде. Биылғы жылы да әлеуметттік тапсырыс аясында пробация қызметін алушы он екі шыңғырлаулық азаматпен жұмыс жүргізіп отырмыз. Оның ішінде жоспарлы түрде бақылау, түнгі рейдтер, мониторингтер жүргізу, отбасылық, құқықтық мәселелерін шешуге ат салысу бар. Жақында пробация есебінде тұрған бірнеше азаматты құқық қорғау орган қызметкерлерімен, соның ішінде аудандық сот судьясы Самал Оразғалиева және аудан прокуроры Серік Орынғалиевпен, медиатор, адвокаттармен кездестіріп, оларға консультациялық және психологиялық көмек беру тұрғысында жұмыс жүргізілді. Кездесу кезінде істі болған адамдармен жеке сөйлесіп, алдағы уақытта соттылық мерзімін қалай азайтуға немесе тағы шалыс басқан күнде қандай жаза тағайындайтындығы түсіндірілді. Айта кеткен жөн, пробация қызметі алушыларды үнемі қадағалап, үйлеріне барып, пікірлесу, әңгімелесу арқылы, социологиялық және өзге де сұрақтар бойынша мониторинг өткізілуде. Сондай-ақ, бірнеше адамға қажеттіліктеріне орай сауда орындарында тауар алуға сертификаттар берілген болатын, енді жоспар бойынша спорттық шара өткізіп, сонымен бірге балаларын мектепке даярлауға көмек етпекпіз, - дейді аудандық пробация қызметінің бөлімше бастығы Айболат Тажекенов.

Иә, өмірде аяғын шалыс басып, қатесін кеш түсінгендер көп болар, әйтсе де сүрінгенге «жұдырық» болмай, керісінше қолдан келсе сүйеу болғанға не жетсін.

Айсұлу Арыстанова

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале