Ақсай қаласының №3 және №4 жалпы орта білім беретін мектептерінде кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында Бөрлі аудандық прокуратурасы прокурорларының қатысуымен 9–11 сынып оқушыларына арналған «Құқық негіздері» пәнінен сабақтар өтті.

Мұндай шара Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылып отыр. Сабақ барысында тарих пәнінің мұғалімдері Лениана Карманова, Ахмад Ильясов және Кайрат Дюсенов «Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары: Прокуратура органдары. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет», «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі», «Қазақстан Республикасында адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының сақталуы» тақырыптарында дәріс өткізді. Аталған сабақтарға прокурорлар Оралбай Тлеуберді, Ибрагим Аубакиров, Нұрмұхамед Жаңбырбаев қатысып, оқушылармен бірге құқық негіздері пәні бойынша кіріктірілген сабақтар жүргізді. Мамандар оқушыларға қазіргі қоғамдағы өзекті құқықтық мәселелер, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктің маңыздылығы туралы жан-жақты түсінік берді. Ал оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын тікелей қойып, нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Нақты өмірлік мысалдар келтіріліп, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары талқыланды.
Сабақ соңында оқушылар өз әсерлерімен бөлісіп, «Бүгінгі сабақ өте пайдалы болды. Заңдарды тек кітаптан оқымай, кәсіби мамандардан естігеніміз – біз үшін үлкен тәжірибе болды» деген пікірлерін білдірді.
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жыл бойына осындай құқықтық-танымдық сабақтар өткізіліп, жас ұрпақтың заңға деген құрметін арттыру мен құқықтық санасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табады. Бөрлі ауданының білім беру бөлімі оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру ісіне белсенді қатысып, қолдау көрсеткен аудан прокурорларына зор алғыс білдіреді.
Анаргүл Шамбай
Бөрлі ауданы