21.06.2022, 17:16
Оқылды: 57

Психологиялық тренинг өтті

Казталов аудандық мәдениет үйінде «Тоғжан» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Мен зорлық-зомбылыққа қарсымын» атты психологиялық тренинг өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы» КММ-ның директоры Талшынай Жүніс, психолог Индира Шүкірбаева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Күнсұлу Шаканаева қатысты.

20220621055140_IMG_2739

Ауданның белсенді азаматшасы Алтын Ақбаеваның бастамасымен өткен психологиялық тренингке ауданның әр ауылдық округтеріндегі ауылдық аналар кеңесінің төрайымдары мен әр түрлі санаттағы нәзік жандылар, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің мамандары қатысып, ойларын ортаға салды.

Тренингте Талшынай Орынбекқызы мен Индира Жоламанқызы отбасы құндылықтарын насихаттау, ене мен келіннің, ерлі-зайыптылардың, ата-ана мен баланың арасындағы кикілжіңді реттеп, дұрыс қарым-қатынас орнату жөнінде психологиялық кеңестерімен бөлісті.

20220621061944_IMG_2762

Жиындағы әр түрлі тренингтер арқылы қатысушылардың сенімі мен қызығушылығын арттырып, өз ойларын ашық айтуға септігін тигізді. Талшынай Орынбекқызы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың артып отырғандығын айтып, мәселені өзара шешуге ниеттену керектігін атап өтті.

- Казталов ауданында 13 маусым және 23 маусым аралығында «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» акциясы аясында аудан тұрғындарымен кездесу өтті. Мұнда жергілікті аналар кеңесінің төрайымдары, сала мамандары мен ауданның нәзік жанды тұрғындарымен кездесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қалай жұмыстанамыз және мемлекет тарапынан аталған тақырыпта қандай жұмыстар атқарылып жатыр деген сауалдар төңірегінде әңгіме өрбіттік. Аудан халқы тренингке бей-жай қарамай, белсенділік танытты. Біз бүгінгі тренинг арқылы отбасы құндылықтарын насихаттап, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеудің негізгі қағидаларын атап өттік. Өкінішке орай, қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының саны артып келеді. Бұған отбасындағы түсініспеушілік себеп болып отыр. Бұл күн тәртібіндегі мәселе. Сондықтан, біз отбасын құруда тереңірек ойланып, ақ пен қараны ажырата біліп, ерлі-зайыптылар арасында өзара түсіністікті арттыру мақсатында насихат жұмыстарын арттыруымыз керек, - деді Т.Жүніс.

Психологиялық жиынға қатысушылар қатарында ауылдық округ әкімдері аппараттарының мамандары да бар. Олар мұндай тренингтер жиі өткізіліп тұруы қажет деп есептейді.

20220621074149_IMG_2798

- Қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың белең алып отырғаны белгілі. Оған өзара түсініспеушілікті басты себеп деп тапсақ, қалғаны іс-әрекетке байланысты. Отбасының ұйытқысы – әйел десек, әйелге көп нәрсе байланысты. Үй шаруасы мен отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынас та әйелдің жауапкершілігіне кіретін дүние. Бүгін әйел мен ер азаматтың отбасындағы, қоғамдағы рөлі тақырыптарында көптеген кеңес пен мағлұмат алдық. Психологиялық тренингтер мен жиындар аудандар мен ауылдарды жиі өткізіліп тұрса, құрбандар саны да азаяр еді. Түптеп келгенде барлығы адамның сана-сезіміне, түсінігіне, өзіндік пайымдауына байланысты деп ойлаймын, - дейді Жалпақтал ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Гаухар Төлегенова.

Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова қонақтарға аудан әкімінің алғыс хаты мен гүл шоқтарын табыс етті.

 Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале