Жаңақала ауданына қарасты Пятимар мектебі Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Жаңақала ауданының құрметті азаматы, жерлес ақын Закария Сисенғалимен “Сыйлай білу өзгелерді - адамдық, сол қасиет жібереді адам қып…” атты кездесу кешін ұйымдастырды.
Білім ошағының кіреберісінен қарсы алған оқу ордасының директоры Қазыбек Әлмұқанов пен басшының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлсім Аманғалиева ақынды алдымен 90 жылдық тарихы бар ауыл өмірінен сыр шертетін мектеп мұражайымен таныстырған соң кештің шымылдығы түрілді.
Закария Жүсіпқалиұлының өмірдерегінен бейнеролик көрсетіліп, шараның “Өлең өлкесінде” айдарында бір топ оқушы ақын өлеңдерін нақышына келтіре жатқа оқыды.
Сондай-ақ “Сіз дайынсыз ба?” айдарында көрермен көкейінде жүрген “Балалық арманыңыз”, “Ақын болу оңай ма, адам болу оңай ма?”, “Ақындық жолға қалай келдіңіз?”, “Ақын болмағанда кім болар едіңіз?” тағы басқа сауалдарға жауап алды.
“Балдәурен” балалар шығармашылық фестивалінің, Қ.Сағырбайұлының 205 жылдығына арналған “Күмбірле, күй!” домбырашылар байқауының және бесінші республикалық “Ұлы дала ұрпағы” аспапта ойнау байқауының лауреаты, 6-сынып оқушысы Бекзат Сәрсенбиев Нұрғисаның Әлқиссасын күмбірлете шертіп, Назерке Нұрмұхан мен Айлана Сабырғалиева “Ақжайық - ару мекенім” әнін тамылжыта орындады.
Ақын сөзіне жазылған Пятимар ауылының Гимніне айналған “Пятимарым” әнін Нұршат Сабыр мен Шаттық Өтебәлі көрерменмен қосыла шырқады.
Қонақкәде бөлімінде Закария Жүсіпқалиұлы өнерді құрметтеген мектеп ұжымына алғысын білдіріп, кітабын сыйға тартты.
Кештің қорытынды сөз тізгінін иемденген Қазыбек Әлмұқанов:
- Закария ағам менің өнердегі ұстазым. Шығармашылығына қызыққаным соншалық, бала кезімде осы кісіге ұқсап ақын болғым келді. Өлеңдерін сүйіп оқыдым. Қазір де ақындық жолдан алыстаған жоқпын, бағасын беріңіз, - деп өз шығармашылығынан өлең оқып, жылы лебізін арнап, естелік сыйлық табыс етті.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz