Таяуда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Жаңақала ауданына қарасты Пятимар ауылының құрылғанына 90 жыл толуына орай еркін күрестен жасөспірімдер арасында аудандық ашық турнир өтті.
Жарыстың мақсаты – еркін күресті бұқара арасында кеңінен насихаттап дамыту, салауатты өмір салты мен спортшылардың шеберліктерін арттыру. Спорттық шараның ашылу салтанатына аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Талғат Жанболатов, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жайсаң Есекенов, ауыл әкімі Жақсылық Хайрелов, ауыл ақсақалы Сабырғазы Нұрхатов, «Қызыл-ай» қоғамдық қорының төрайымы Светлана Викторовна және бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.
- Бүгінгі еркін күрес жарысы жоғары деңгейде өтеді деп ойлаймыз. Қазақ әуелден палуан халық қой. Осы өрендердің арасынан күні ертең олимп шыңын бағындыратын талантты спортшылар шықсын. Пятимарлық спортшыларға арналған сыйлығымызды қабыл алыңыздар! - деді аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жайсаң Ахметұлы кәде сыйын табыстап.
Аудандық ашық турнир деп аты айтып тұрғандай ат шалдырып Орал, Бөрлі, Шыңғырлау, Қазталов, Ақжайық аудандарынан еркін күреспен шұғылданатын көздерінде от ойнап тұрған жас палуандар келді. Тоғыз салмақ дәрежесінде 90-ға жуық жас палуан бақ сынады. Санитарлық талаптарды сақтап сыртқы алаңда өткізілген жарыс жоғары деңгейде өтті деуге толық негіз бар. Жасөспірімдердің күресі тартысқа толы болды. Қызылобалық өрен Мирас Тасқайырдың шеберлігіне тәнті болдым. Қарлысастарын алып та жықты, шалып та жықты.
- Пятимар ауылының құрылғанына 90 жыл толуына орай еркін күрестен турнир өткізуді жоспарлаған едік. Сол күнге де жеттік.
Жүлделі орын алғандарға, диплом, медаль және демеушілердің атынан ақшалай сыйлық берілді. І орынға - 12000 теңге, ІІ орынға ие болған спортшыларға - 8000 теңге және ІІІ орын алғандарға 5000 мың теңгеден берілді. Әр салмақтағы жеңімпаз атанған палуандарға грек-рим және еркін күрес федерациясының арнайы сыйлықтары табыс етілді. Осындай жарысымызды жоғары деңгейде өткізуге ат салысып қолдаған барша демеушілерімізге ауыл халқының атынан алғыс білдіремін. Ермекқали Нысанов, Берік Хамитов, Мәлік Жұбанышов, Бекжан Қарабалин, Абылай Сағынтаев, Сатыбалды Валиев, Қанат Хажетдинов, Руслан Саматов, Талғат Сисекенов, Айдарбек Есенғалиев, Руслан Стамғазиев, Мақсот Сейталиев, Данияр Айтқалиев, Рустамбек Қаратаев, Сұңғат Атауов, Ержан Атауов, Ринат Жанекешов, Мирлан Кенжеғалиев, Наурызғали Мерғалиев сынды мәрт азаматтармен қатар 1985, 1990, 1991, 1992 жылғы ауыл азаматтары ақшалай демеушілік жасап қолғабыс етті. Демеушілеріміз сеп болуымен өткен жарыс арқылы ауылымыздың да аты алысқа кетті деген ойдамыз,- деді Пятимар ауылының әкімі Ж.Хайрелов.
Қызылобалық жасөспірімдерді дайындайтын Армат Тасқайыровтың, жаңақазандық жас палуандарды баулып жүрген Ерлан Халықовтың, пятимарлық талантты спортшыларды қалыптастырып үлгерген Дидар Жұбанышовтардың еңбегі ерен. Олардың қатарына қырқопалық бапкер Әділет Қалиарыстанов пен көпжасарлық жастарды жарыстан қалдырмай жүрген Жалғас Нығметовтің қосылғандары көңіл қуантты.
Бұл жарыста жарқырай көрінген жаңа есімдерге де куә болдық. Олардың жетістігінің артында бапкерлерінің тынымсыз еңбегі, үздіксіз жаттығулардың тұрғаны белгілі. Жеңімпаз атанған, осы жарыста жүлделі болған жас палуандардың тізімін беруді жөн көріп отырмыз.
Жанайдар Болатбекұлы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
Жарыс нәтижесі:
21 кг.
1 орын - Мансұр Нұрлан (Жаңақазан ауылдық округі)
2 орын - Дияс Темиров (Пятимар ауылдық округі)
3 орын – Бексұлтан Мәжидолла (Қызылоба ауылдық округі)
3 орын - Нұрым Қаныбек (Казталов ауданы)
24 кг.
1 орын - Әли Жалмұхан (Қазталов ауданы)
2 орын - Ұлан Қаһарманұлы (Қырқопа ауылдық округі)
3 орын - Жалғас Талғатұлы (Орал қаласы)
3 орын - Әлинұр Абай (Қазталов ауданы)
26 кг.
1 орын - Сұлтан Махмет (Пятимар ауылдық округі)
2 орын - Бақыт Құсайынов (Бөрлі ауданы)
3 орын - Ислам Жәнібек (Қырқопа ауылдық округі)
3 орын - Әліби Бисенғали (Пятимар ауылдық округі)
29 кг.
1 орын - Нұрсәт Жалмұхан (Қазталов ауданы)
2 орын - Әділет Әлжаппар (Орал қаласы)
3 орын - Сағындық Мақсот (Пятимар ауылдық округі)
3 орын - Әділ Файзулла (Бөрлі ауданы)
32 кг.
1 орын - Әмірхан Қуатов (Қазталов ауданы)
2 орын - Дінислам Жұмаділдә (Пятимар ауылдық округі)
3 орын - Маралбек Мақсот (Пятимар ауылдық округі)
3 орын - Әнуар Бердаулет (Ақжайық ауданы)
42 кг.
1 орын - Елжас Елдос (Пятимар ауылдық округі)
2 орын - Нұрасыл Айтқали (Ақжайық ауданы)
3 орын - Жеңісхан Қайрат (Қырқопа ауылдық округі)
3 орын - Әлиар Сәлімгереев (Бөрлі ауданы)
48 кг.
1 орын - Қуаныш Сатқан (Жаңақазан ауылдық округі)
2 орын - Исламбек Сабахат (Орал ауылдық округі)
3 орын - Жанжүрек Сыралыұлы (Көпжасар ауылдық округі)
52 кг.
1 орын - Мирас Тасқайыр (Қызылоба ауылдық округі)
2 орын - Бақтығали (Шыңғырлау ауданы)
3 орын - Мақсот Мұратқали (Қырқопа ауылдық округі)
3 орын - Ақниет Абыл (Орал қаласы)
56 кг.
1 орын - Асылхан Байыржан (Бөрлі ауданы)
2 орын - Қуаныш Болат (Пятимар ауылдық округі)
3 орын - Азат Ғалиев (Бөрлі ауданы)
3 орын - Нұрболат Құзаиыр (Бөрлі ауданы)