Елімізде «Qazaq Oil» брендінің франшизасына сұраныс жоғары. Қазіргі уақытта осы брендпен серіктесіп жеке кәсіптерін ашып жатқан жандар көп. Жақында Ақсай қаласында да «Qazaq Oil» жанармай құю бекеті ашылды. Франшизаның иесі жеке кәсіпкер Дмитрий Миллер.
Қала халқының игілігі үшін пайдалануға берілген нысанның ашылу салтанатына Ақсай қаласының әкімі Арсен Баяндықов, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұргүл Кубашова және қаламыздың тұрғындары мен қонақтары жиналды. Жаңа жанармай құю бекетінің ашылу салтанатында қала әкімі Арсен Толқынұлы сөз сөйлеп, жаңа кәсіптің ашылуымен құттықтады.
- Ақсай қаласының тұрғындары мен қонақтарын және өзімізді «Qazaq Oil» жанармай құю бекетінің ашылуымен құттықтаймын. Біз «Qazaq Oil» компаниясының серіктестері боламыз. Алдағы уақытта тұтынушыларымызды сапалы өнімдермен және жанармаймен қамтамасыз ететінімізге сенімді түрде кепілдік береміз. Бекетімізде шағын кафеміз бар. Онда әрқашан дәмді және жаңа піскен нан өнімдері болады. Бізде АИ-92, АИ-95 жанармайлары және дизель отыны бар. Цистернаның көлемі 250 текше метр, - дейді директор және кәсіп иесі Дмитрий Александрович.
Жаңадан ашылған жанар-жағармай құю бекетін жергілікті кәсіпкер «Дава Плюс» өзінің жеке инвестиция қаражаты есебінен ашты. Бұл жерде жаңадан 8 жұмыс орны ашылды.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы