18.02.2026, 19:02
Оқылды: 4

Рамазанда Алланың мейірімі әр жүректің есігін қағады

Көктемде жыл құсын күткен ауыл адамындай мұсылман қауымы жүректің көктемі - Рамазан айын күтеді. Биыл игі жамағат 18 ақпан күні алғашқы тарауықты оқып, ертесіне сәресіге тұрып ауыз бекітеді. Қыс айындағы Оразаның қандай хикметтері бар?! Қасиетті айда ішіп- жеуден тиылудан басқа қандай иман сабақтарын өтуіміз керек?! Ауыз бекіткен адамға құрмет қандай болмақ?! Бұл туралы Сырым ауданының орталық мешітінің бас имамы Нұрәлім Қисметов айтады.

photo-output

Ассаламуағалейкүм уа рахматуллаһи уа баракатуһ, құрметті мұсылман қауым! Құрметті жамағат, қадірменді жерлестер!

Сіздерді айлардың сұлтаны рамазан айының келуімен құттықтаймын! Бұл ай - өзге айлардан ерекше ай! Себебі Алла осы айда көптеген жақсылықтарды, мол сауаптарды уәде еткен! Баршамыз осы ұлық мерзімді толық оразамен өткізуімізді нәсіп етсін! Алладан тілеген барша жақсылықтарыңыз жүзеге ассын! 

Рамазан – сабыр мен құрмет айы. Сабырдың түрлері көп. Жамандықтан тиылу үшін сабыр керектігі секілді, жақсылық жолында берік тұру үшін де сабыр қажет. 

Рамазан айы - құлшылық айы болғандықтан, лайықты өткізу үшін белгілі дәрежеде сабырлық таныту - басты мәселелердің бірі. 

Сахаба Әли (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздан (салаллаһу алейһи уассалам):  

“Рамазандағы ең жақсы амал қайсысы?! - деген кезде, оған Алла елшісі: “Алла тыйған жамандықтан бойын аулақ ұстау!” - деп жауап берген. 

Рамазан айында қандай рухани кеселдермен күресеміз?! 

Нәспі. Дәмді дастархан, думанды отырыстар көңілді арбамай қоймайды. Бірақ, Алланың рахметіне жету үшін оларды да тәрк етіп үйренбек керек. “Жайлылық аймағынан шығу” - оразаның бірінші сабағы. Бұл нәпсіге ауыр. Бірақ, жүрекке, ақылға жеңілдік сыйлайды.

Ашу. Көбіміздің бойымыздан көрініп қалып жататын жаман қылықтардың бірі – ашу. Ал сол ашуды тежейтін ең тиімді сәт осы Рамазан айы болмақ. Осы айда ашу қысқан сәтте оны жұтып үйренсек, Рамазанның соңына дейін осы жамандықтан мүлдем құтылып қалармыз. Алладан шынайы үмітте болсақ, Алла өзгеруге мүмкіндік берері анық.

Рамазан айында мұсылман барынша бір-біріне мейірімді болу қажет. Ол жайында қасиетті Құранда: «Шын мәнінде, мүміндер туыс қой. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер», – деген болатын. Ал, «Хижр» сүресінің 88 аятында мұсылманның міндеттерінің бірі  – ол бауырына мейірімді болу жайында: «Мүміндерге өте мейірлі, кішіпейіл бол!» деп бұйырған.

Мұсылманның  мұсылман алдындағы  міндеттерінің бірі  – жақсылықта жәрдемдесу, жамандықта қашық болу. Алла тағала Құран кәрімде:

وَتَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَالتَّقْوَى وَلَا تَعَاوَنُوا عَلَى الْإِثْمِ وَالْعُدْوَانِ وَاتَّقُوا اللَّهَ إِنَّ اللَّهَ شَدِيدُ الْعِقَابِ

«Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» (Мәида сүресі, 2-аят) 

Рамазан тек ішуден - жеуден тыйылған, тарауық намазына баратын жамағатқа ғана келген ай ма?! Жоқ! Оразада Алланың мейірімі әр жүректің есігін қағады. Иесі аша ма, ашпай ма?! Мәселе сол жерде. 

“Оразаны басқалар ұстасын. Маған қандай қатысы бар?!” - деген өзімшілдіктен арылатын күн жетті. Раманзан айындағы ел ескере бермейтін қателіктер бар. 

Кейде күндіз той жасап, дастархан жайып, ораза тұтып жүрген адамды соған шақырып жатады. «Келе сал», «Ештеңе болмайды» деп жеңіл қарайды. Бұл – дұрыс емес.

Неге бұл мәселе маңызды? Ораза ұстау – жай аш жүру емес. Бұл – нәпсімен күрес. Күні бойы ішіп-жемей, сабыр сақтап отырған адамды тамақ толы дастарханға шақыру – оған ауыр сынақ. Мана жоғарыда құрмет мәселесін сөз қылдық. Ал ауызы берік адамды күндіз дастарханға шақыру, -  өрескел қателік, тіпті ауыр күнә.

Құрметті айдың хикметі – тек тамақ мәселесінде емес. Бұл – бауырмалдықты, тақуалықты шыңдайтын кездер. 

Ауыз бекіткен адамдарға құрмет ретінде, күндіз той жасамасақ, қонақасы дастархандарды ауызашар уақытына қойсақ жарасар еді. 

Ішімдік қоюдан бас тартатын уақыт баяғыда жетті. 

Рамазан айы – бірліктің айы. 

Дін ұстанушылар ғана емес, ел болып бірлікте болсақ екен. Біреуді сыйлау, құрмет етуде тек қана жақсылық барын ұмытпай, үнемі жадымызда ұстап, сол нәрсені өмірлік ұстанымымызға айналдырайық. Біріміз ораза ұстап, біріміз соны елемей дастархан жайсақ – бұл айдың рухына сай келмейді.

Махамбет батыр: “Мұсылманшылық кімде жоқ, Тілде бар да, дінде жоқ!” - деп бүгінгі діни ахуалдың диагнозын дөп басқан. 

Иманымыз тілде болып, жүрекке жетпей жүрмесе екен. Сондықтан санаулы күнді уысындағы асыл тасын шашып алмауға тырысып, мұқият болған жандай оразаның әр күнінен, әр сәтінен, ауызашар мен сәресінің әр дәмінен береке іздейік! 

Биыл Сырым ауданына Құранды басынан аяғына дейін жаттаған 5 хафиз келеді. Олар ауданның басында, Қособа және Алғабас ауылдық округтерінде тарауыққа шығып, Құран Хатым етедіяч 

Хафиз алдыру дәстүрі ауданымызда оң жолға қойылған. Ендігі міндет - оларға ұйып, тарауыққа тастүйін болу. 

Рамазан мүбарак болсын, мейірім мен кешірім аңсаған жүрек! 

Нұрәлім Қисметов

Сырым ауданының бас имамы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале