Бүгін Казталов ауданы орталығындағы «Достық» саябағында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Рәміздерінің 32 жылдығына арналған «Рәміздерім — мақтанышым, мәртебем» атты салтанатты шара өтті.
Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған Мемлекеттік Рәміздер күніне орай аудан орталығының Ш.Шарафутдинов атындағы бас көше ерекше безендіріліп, бойына 60 ту ілініп, ұлттық мерекенің маңыздылығын айшықтай түсті.
Тәуелсіз еліміздің ұлттық құндылықтары дәріптелген шараға Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім басшылары, мекеме ұжымдары қатысты.
Ту тұғыры мен Мемлекеттік Рәміздер бейнеленген алаңда Мемлекеттік Гимн шырқалып, ту көтеру құрметі бір сәбиді ажал тырнағынан арашалаған №11 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушы, азаматтық қорғау кіші сержанты Мержан Жанғалиевке және су тасқыны кезінде аянбай қызмет жасаған аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Айнар Сәкеновке берілді.
Ұлттық мереке күні сөз алған аудан әкімі Асланбек Ахматоллаұлы:
– Құрметті жерлестер! Баршаңызды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Рәміздер — елдің мемлекеттілігін айқындайтын басты құндылықтардың бірі. Еліміз егемендігін алып, Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста шекарамыз, астанамыз және елдің рәміздері айқындалды. Бұл ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы жүргізген азаттық үшін күресінің жемісі. Мерейлі мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толайым табыстар тілеймін. Тәуелсіздігіміздің символы саналатын мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесі арта берсін!, - деген тілегін жолдап, Мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, күтіп ұстап, насихаттау жұмыстарын белсенді жүргізген ұжымдарды Казталов ауданы әкімінің алғысхатымен марапаттады.
Рәміздер күні мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсіміне кезек беріліп, Жалпақтал ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Руслан Мусин ант қабылдады.
Ұлттық ұстанымымызға айналған мерекелік шараға қатысқан ауданық мәслихат депутаты Серікбол Қадемов, Бостандық ауылдық округінде ту тұғырын орнатқан түлектер атынан Әсет Хисмеденов Мемлекеттік рәміздердің маңыздылығына тоқталып, құттықтау лебіздерін жолдады.
Орталық алаңға Халықтық «Қарлығаш» би ансамблінің бишілері шығып, «Рәміздер биін» мың бұрала биледі. С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығының әншілерінен құрылған квартет «Қазақстаным», «Атамекен» әндерін нақышына келтіре орындап, жиналған көпшіліктің бойына патриоттық сезім нәрін септі.
Нұр Рахман
Казталов ауданы