"Сырым елі" қоғамдық - саяси газеті кеше дәл осындай атаумен айшықты акция өткізді.
Газет редакторы Бауыржан Ширмединұлы Сырым аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Досжан Тайшиевпен әуелі "Қазпошта" АҚ Сырым аудандық пошта байланыс торабының ұжымында болып, пошташыларға алғыс айтты.
- Пошта - газеттің әріптесі. Газеттің үні елге сіздер арқылы жетеді, - деген басылым редакторы торап басшысы Айнагүл Джумиеваға және қызметкері, баспасөзге жазылу науқаны кезінде редакцияның талдау - сараптау жұмыстарына үнемі жәрдемдесетін Райгүл Ғимранқызына алғысхат және естелік сыйлық табыс етті.
Аудандағы дәрігерлер, полицейлер және ұстаздар - басылымның бетінен жиі көрінетін кейіпкерлер. Құрметке құрмет қылып, олар да ұжымдарымен "Сырым еліне" жазылып, оқиды.
Бауыржан Ширмединұлы Досжан Тайшиевпен бірге аудандық аурухана, білім беру және полиция бөлімдерінде болып, ұжымдарға баспасөзге қолдаулары үшін алғыс білдірді.
Әрине, газетті тек ұстаздар мен дәрігерлер емес, түгел ел оқиды. Сондықтан газеттің алғыс сезімін барлық оқырман өзіне қабылдаса деп едік.
Рахмет саған, оқырман!
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz