24.03.2022, 19:12
Оқылды: 90

Рахымға толы Рамазан айы

Раббымыздың құлдарына қасиетті етіп берген бірнеше күндері мен айлары бар. Солардың ішіндегі шоқтығы ең биігі  – Рамазан айы. Рамазан айының ерекшелігі сол – мүміндер бұл кезде бір ай бойы Алла разылығы үшін ораза ұстайды. Рамазан – сабырлылықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрибиелеудің ең үлкен мүмкіндік айы. Сонымен қатар Рамазан - Құран айы. Жаратушымыздың бізге берген ең үлкен нығметі жасаған жақсылықтардың еселенетін айы. Рамазан – айлардың сұлтаны, күнәлардың кешірілетін, тәубе айы. Қасиетті Қадір түні де осы айда.

0000

Фотосурет: bugin.kz

Рамазан айына ниеттенген адам ең бірінші оразаны не үшін ұстауы керектігіне көз жеткізуі керек. Ниет-амалдардың қабыл болуы үшін жасалатын алғышарттарының бірі. Сондықтан ауыз бекітуге бекінген пенде Алланың разылығы үшін деген ниетте болуы керек. Арықтауым үшін, денсаулығым үшін деген ниеттерден аулақ болғаны шарт.

Ораза тұтудың адамға тигізер рухани да hәм денсаулыққа пайдалары орасан зор. Рухани пайдалары адам баласын сабырлыққа, төзімділікке, ашуға ерік бермеуге үйретеді. Ашуын тудыратын қандайда бір келеңсіз жәйттарға тап болса, «Мен оразамын» деп сабырға келеді. Жалпы статистика бойынша мұсылман қоғамында Рамазан айында қылмыс азаятыны дәлелденген. Себебі Алланың мұсылман пенделері өзін және өзгелерді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыяды, мейірімді, кешірімді болады.

«Әли Ғимран» сүресінің 134-ші аятында: «Олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық етушілерді сүйеді», – деп бұйырған.

Cүйікті Пайғамбарымызды (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айындағы оразаның қадір-қасиеті туралы көптеген хадис келтірген. Сол мүбәрәк хадистерінде:

«Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, оның бұрын істеген күнәлары кешіріледі».

«Рамазанның басы – рахмет, ортасы – кешірім, соңы – тозақ отынан құтылу»

Тағы бір хадисінде :«Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ауыз ашқанына қуанады және Раббысымен қауышқанда ораза ұстағанына қуанады», – деген.

Рамазан - сауап жасау және мол мүмкіндік айы. Осы айда шамамыз келгенше ауызашарларымызды, садақаларымызды, қайырымдылықтарымызды көптеп жасап қалуымыз керек.

Алла елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Аузы берік кісіге ауыз аштырғанға ораза ұстағанның сауабындай сауап беріледі. Бұдан ораза ұстаушының сауабы еш кемімейді».

Рамазан – әр жылы сағынған пендесіне жылдағыдан он күнге ерте оралып, мұсылман адамға өз-өзіне жаңадан тәрбие беруге мүмкіндік беретін, мұсылман пенденің сабырлығы бойынша емтихан тапсыратын ай. Оразаға ниет еткен жамағат ала таңнан ақшам уақытына дейін сабырлық жасап, ораза болғаны үшін кешке дейін ішіп жемейді. Сондай-ақ, ашу-ызаға  бой алдырмай, жұмсақтық танытады. Тұла бойын харамнан, тілін жаман сөзден, көзін харамға сұқтанудан сақтайды. Адамдармен жанжалдасу, өсек айту, адамдардың артынан жамандап ғайбат айту, Алланың жаратылыстарына зәбір көрсету ұстанған оразаңыздың қабыл болмауына әкеп соғары анық. Жаратушымыздың берген нығмет айынын тиімді пайдалана білейік.

Құрметті жерлестер! Он екі айдың сұл­таны – Рамазан құтты, берекелі болсын! Қасиетті айда жасайтын құлшылық, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Алға қойған арман-мақсаттарыңыз орындалып, оразадан оразаға аман-есен жете беруі­­мізді Алла нәсіп етсін! Еліміз аман, жұр­тымыз тыныш, халқымыздың бірлігі ны­ғайып, берекесі арта бергей! Тәуел­сіз­дігіміз әрқашан баянды болғай!  Келесі Рамазан айларына амандықта есендікте жетуді нәсіп етсін! Әмин!

Жомарт Лұқпанов,

Жаңақала аудандық мешітінің бас имамы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале