Раздольный жалпы білім беретін орта мектебінде аудан әкімі Марат Тоқжанов, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлыбек Хайроллин, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Бибігүл Ахметжанова және аудандық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Әсел Ижанова оқушылармен кездесіп, ой бөлісті.
Алдымен оқушылар қонақтарға қазақ, орыс халқы ертегілерінен сахналанған көрініс қойып, екінші бөлім сұрақ-жауап форматында жалғасты. Кездесу барысында Семен Минаев, Михаил Ефименко, Алиса Горбач, Әсем Асқарова, Нұртас Сәкенбаев, Бекнұр Ақылбек, Анаргүл Рушанова, Думан Аралбаев, Елдана Жұмағалиева, Жаннұр Асылбаева сынды белсенді оқушылар ерекше көзге түсті.
«Депутат деген кім?» деген алғашқы сауалға аудан әкімі Марат Тоқжанов:
– Өте маңызды сұрақ қойдың. Депутат – бұл халықтың өкілі. Ол сенің және барлық тұрғындардың мүдделерін қорғайтын тұлға. Депутаттар халықтың мәселелерін шешу үшін заң қабылдайды, ұсыныстар жасайды және маңызды шешімдер қабылдайды. Олар әрдайым өз сайлаушыларының игілігі үшін қызмет етеді. Сондықтан алдағы уақытта өз ойларыңды ашық айтып, еліміздің дамуына үлес қосатын азамат болуға талпыныңдар, – деп жауап берді.
Шара барысында оқушылар тарапынан әртүрлі қызықты және ой салатын сұрақтар қойылды. Мәселен, «Достарыңыз көп пе?» деген сауалға аудандық мәслихат төрағасы Нұрлыбек Хайроллин:
– Жақын араласатын адамдарым көп. Бірақ нағыз достар адамда көп болмайды. Менің достарым – әріптестерім, замандастарым және түрлі салада еңбек етіп жүрген жандар. Біз халықтың мәселелерін бірге шешіп, бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Ал достық – бұл сенім мен өзара түсіністік, – деп жауап берді.
«AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бибігүл Ахметжанова «Қалаған мамандық иесі атандыңыз ба?» деген сұраққа мұғалім болуды армандағанын айтып, бұл жолда әкесінің бастапқыда қарсы болғанын, бірақ кейін ақ батасын бергенін қызықты етіп әңгімеледі.
Аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Әсел Ижановаға қойылған «Уақыт қайтып келсе, не өзгертер едіңіз?» деген сұраққа ол:
– Тіл үйреніп, мектептегі әр сабақты жақсы оқуға тырысатын едім. Өйткені, есейген сайын білімнің маңызы арта түседі. Адам ақылмен жетістікке жетеді, биіктерді бағындырады, – деп ойлы жауап қатты.
Марат Тоқжановқа қойылған ерекше сауалдардың бірі: «Сіз туралы кітап жазғанын қалайсыз ба?» және «Сіз кітап жазсаңыз ол не туралы болады?» деген сұрақтар болды. Әкім бұл сауалдарға:
– Әрине, әркім өзі туралы жазғанды құп көреді. Дегенмен, мен алдымен «Кітап жазуға лайықпын ба?» деген сұрақты өзіме қояр едім. Негізі, адамның өзі туралы пікірді өзі емес, халықтың бергені дұрыс. Екінші сауалға қатысты егер кітап жазсам, тарихшы ретінде тарихтың ақтаңдақ беттерін, жарияланбай қалған шындықтарды жазуға тырысар едім, – деп жауап берді.
Сондай-ақ кездесу барысында ата-ана қадірі, әке тәлімі және өмірлік құндылықтар туралы да қызықты пікірлер айтылып, қатысушылар үшін мазмұнды әрі танымдық шара болды.
Гүлім Орда
Бәйтерек ауданы