85 жылдық шежіресі бар, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» қызметін атқарып келе жатқан Бәйтерек аудандық «Ауыл тынысы» газеті редакциясы күрделі жөндеуден кейін салтанатты түрде қайта ашылды.

Аудан өмірімен біте қайнасып келе жатқан басылым үшін биылғы жыл ерекше белес болды. Газеттің 85 жылдығына орай редакция қызметкерлерімен жыл басында 85 іс-шара жоспарланып, бүгінгі күні олардың тоқсан пайыздан астамы жүзеге асып отыр. Соның ішінде редакция ғимаратының жаңарып, заман талабына сай қайта жабдықталуы – мерейтойдың мағыналы іс-шараларының бірі.
Алғашқы сөз кезегін алған, еңбек жолының отыз жылын осы газетпен бірге өрген ардагер журналист Николай Берендяев жүрекжарды ықыласын жеткізді.
- Бүгінгі той – тек редакция ұжымының емес, аудан жұртшылығының тойы. 85 мерейтойда редакцияның жаңа кейіпке енуі – шын мәнінде үлкен қуаныш. Бізге дейінгі әріптестеріміз, біздің буын күрделі жөндеуден өткен редакцияда отырған жоқпыз. Қазіргі редакция құрамына мұндай бақыттың бұйырғанына қуаныштымыз. Иә, осыған дейін редакция күңгірт тартқан, төбесінен қоқым түсетін, терезелерінен жел соғатын ескі бөлмелер еді. Ал осы жаңа редакция көріп шығып риза болдым. Заманға сай жөндеуден өтіп, жаңа жиһазбен қамтылған редакцияда жұмыс істеуге де, шығармашылықпен айналысуға да мүмкіндік мол. Осы игі өзгерістің бәрі әріптестеріміздің аға буынның даңқты дәстүрлерін жалғастыруға, ауданның сенімді айнасы болып қала беруіне сеп болады деп сенемін. Түрлі қиындықтарға қарамастан оқырманға адалдық танытып келе жатқан редакция ұжымына табыс тілеймін,– деді ол ағынан жарылып.

Іс-шара барысында біздің мақтанышымыз, Бәйтерек ауданының Құрметті азаматы, ҚазИИТУ кешенің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімов те сөз алып, редакция ұжымын құттықтады. Ол осынау салтанатқа жиналғандардың ішінде редакция ардагерлерін көргеніне қуанышты екенін жетізді. Аудан мен «Жайық Пресс» медиахолдингі басшылығының газеттің қолдауына ризашылығын жеткізді. Өзі де редакциямен көп жылдан бері тығыз байланыста екенін атап өтті. Газет ұжымына шығармашылық табыс, сенім де көп оқырман тілеп, естелік сыйлығын табыс етті. Айта кету керек, «Ауыл тынысы» газетінің 70 жылдық мерейтойына Ақсерік Сарыұлы ҚазИИТУ кешенің атынан редакцияға көлік тарту еткен болатын.
Редакция ұжымы тарапынан да аудан басшылығы мен аудандық мәслихат депутаттарына, сондай-ақ жөндеу жұмыстарының басы-қасында жүрген Переметный ауылдық округі әкімдігіне шынайы ризашылық білдірілді.
«Ақын болу оңай деймісің қарағым, Аузында жүру сыздаған барлық жараның» демекші, қоғамның жарасын дер кезінде дөп басып, өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай халыққа жеткізіп жүрген белгілі айтыскер ақын, Ақ Жайық өңірінің ардақты ұлдарының бірі Айнабек Бисенғалиев осынау мерейтойға арнайы келіп, ән мен жырдан шашу шашты.

Ашылу салтанатының ең маңызды сәттерінің бірі – лента қию рәсімі болды. Бұл құрмет Алматыдан арнайы келген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің ассистент-профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Журналистика академиясының академигі Сансызбай Мәдиев пен Бәйтерек аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлыбек Хайруллинге ұсынылды.
«Қызыққа әркімдағы асығады, Мұндайда көңіл жүрек тасынады. Ал, енді ұлтымыздың дәстүрімен, Мерекенің шашуы шашылады» деп редакциядағы апалар шашу шашқан соң жиналғандар жаңа кейіпке еген редакцияның ішімен танысып, ізгі тілектерін білдірді.
Салтанат Зұлқарнаева
Бәйтерек ауданы