25.02.2026, 10:15
Оқылды: 295

Референдум күні Сырым ауданында 25 комиссия жұмыс жасайды 

Ел өміріндегі аса маңызды шешімдер әрдайым халықтың еркімен сабақтас болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда республикалық референдум – мемлекет дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайтын маңызды саяси институт. Бұл – азаматтардың өз болашағына тікелей ықпал етуінің нақты тетігі.

WhatsApp Image 2026-02-25 at 10.48.03

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев 2026 жылдың 11 ақпаны күні «2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы» Жарлық қабылдаған болатын. Президент Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы «Республикалық референдумды өткізу және ұйымдастыру» мәселелеріне арналған Күнтізбелік жоспар бекітті.

Референдум өткізу тәртібі Қазақстан Республикасындағы референдум туралы Конституциялық заңына негізделеді. Аталған құқықтық норма референдумның ашықтығын, әділдігін және заңдылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Республикалық референдумды өткізу – үлкен дайындықты талап ететін процесс. Оның ішінде референдумды ұйымдастыру жұмыстары – жауапты кезеңнің бірі. Республикалық референдумға дайындық пен оны өткізу аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының қызметін атқаратын аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына жүктелген.

Қазіргі уақытта Сырым ауданының аумақтық референдум комиссиясы референдумды тиісті деңгейде өткізу бағытында дайындық жұмыстарын жүргізуде. Аумақтық, учаскелік референдум комиссияларының алғашқы ұйымдастыру отырыстарыөткізіліп, онда күнтізбелік жоспарға сәйкес атқарылатын жұмыстар бойынша комиссия мүшелеріне міндеттер бөлінді, кезекшіліктер бекітілді.

Ашықтық пен жариялылық – басты қағидалардың бірі. Референдум барысында жариялылық қағидаты қатаң сақталады. Бұл бағытта республикалық референдум туралы азаматтарды ақпараттандыру мақсатында барлық ауылдық округ орталықтарында 14 ақпараттық баннерлер ілінді. Сондай-ақ, аудан орталығында лэд экран арқылы бейнероликтер көрсетілуде. Аудан әкімдігінің ресми сайты мен аудандық «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінде және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларда аумақтық референдум комиссиясының ресми ақпараттары жариялануда. Қазіргі уақытта аталған ақпарат құралдары арқылы азаматтардың референдумда дауыс беру құқықтары туралы Орталық референдум комиссиясының үндеуі, аудандық, учаскелік референдум комиссияларының орналасқан жерлері, комиссия құрамдары, референдум учаскелерінің шекаралары жарияланды. Күнтізбелік жоспарға сәйкес тиісті жарияланымдар жүйелі түрде жарияланатын болады.

Референдум күні Сырым ауданы бойынша 1 аумақтық, 24 учаскелік референдум комиссиялары жұмыс істейтін болады. Олардың құрамында барлығы 137 мүше бар. Республикалық референдумды ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізу мақсатында осы референдум комиссиялары мүшелерін оқыту жұмыстары басталып кетті. Оқыту мақсаты – комиссия мүшелерінің кәсіби біліктіліктерін арттыру, референдумды өткізу тәртібі мен заң талаптарын жан-жақты түсіндіру болып табылады. Дауыс беруді заң талаптарына сай өткізу – қоғам сенімінің негізі. Бұл бағытта Орталық референдум комиссиясының ұйымдастыруымен тұрақты кәсіби негізде жұмыс атқаратын аудандық аумақтық референдум комиссия мүшелері онлайн оқытудан өтіп, тест тапсырды. Алдағы уақытта барлық комиссия мүшелерін оқыту және оларға әдістемелік көмек көрсету жұмыстары жалғасын табады. Оқыту барысында дауыс беру іс-қимылды ұйымдастыру, құжаттарды дұрыс рәсімдеу, сайлаушылар мен байқаушылармен жұмыс, жағдаяттарды шешу жолдары, заңнама талаптарын сақтау мәселелері түсіндіріледі.

Референдумды ұйымдастыру кезінде «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 8, 24 баптарына сәйкес қажет үй-жайларды, жабдықтар мен көлік құралдарымен қамтамасыз ету,  азаматтардың конституциялық құқықтарын толық әрі кедергісіз жүзеге асыруын қамтамасыз ету, референдум комиссияларының өз өкілеттіктерін жүзеге асыруында оларға жәрдемдесу – жергілікті атқарушы органдарға жүктелген.

Осы мақсатта аудан әкіміне қажет болған жағдайда арнайы көлік құралымен жеткізу мәселесін қарастыру,өрт қауіпсіздігі, санитарлық талаптар және қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету, заңнама талаптарына сәйкес материалдық-техникалық қолдау көрсетуге ықпал ету туралы, сонымен қатар, референдум учаскелері орналасқан ғимараттардың қолжетімділік талаптарына сәйкестігіне алдын ала мониторинг жүргізіп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылдау туралы хат жолданды. Қазіргі уақытта аудандағы референдум учаскелерін талаптарға сай жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.

Учаскелік рефендум комиссиялары жергілікті атқарушы органнан референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізімін алып, тізімді нақтылау жұмыстарын жүргізуде. 27 ақпаннан бастап азаматтарға дауыс беру уақыты мен орны туралы хабарлайды.

Референдум – жай ғана саяси рәсім емес. Бұл – әр азаматтың мемлекет тағдырына қосқан үлесі. Белсенділік таныту – қоғам алдындағы жауапкершіліктің көрінісі.

Бүгінгі таңда елімізде жүргізіліп жатқан саяси жаңғыру үдерістерінде халық пікірінің маңызы арта түсуде. Сондықтан республикалық референдум – ел дамуының жаңа кезеңіне бастайтын маңызды қадам. Барша азаматтарды белсенділік танытып, өз азаматтық құқықтарын жүзеге асыруға шақырамын. Әрбір дауыс – ел болашағына бағытталған нақты шешім.

 

Мейірбек Хасанов,

Сырым аудандық

аумақтық референдум комиссиясының төрағасы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале