18.07.2024, 13:00
Оқылды: 244

Реформа жасаудан шаршаған жоқпыз ба осы?

Ағылып келіп жатқан жаңалыққа құлақ түрсең, кей-кейде ауызыңды аңқитатын ақпараттарды естіп айран-асыр боласың. Қайсыбірін заман ағысына сай дұрыс шешім болды-ау десек, қайсыбірі көңіліңе күдік ұялатады. Сондай жаңалықтың бірі – денсаулық сақтау министрлігінің алдағы уақытта мейіргерлерге кейбір тексерулерді өздері жүргізіп, диспансерлік есептегі науқастарды өздері қабылдағаннан кейін тіпті диагноз қоюға да құқық берілетіндігі туралы жаңа бұйрықтарды әзірлеп жатқандығы.

Бұл жаңашылдық жалпы практика дәрігерінің жүктемесін азайтып, медициналық көмек алу процесін оңтайландыруға және оны қолжетімді етуге мүмкіндік береді деседі денсаулық сақтау саласының төрінде отырғандар.  Яғни түптің түбіне келгенде емханадағы дәрігерлер мен медбикелердің функцияларын қайта бөлу нәтижесінде мейіргерлерге науқастарды өз бетінше қабылап, кейбір тексерулерді өздері жүргізіп, жолдама жазып, ем-дом тағайындау құқығы беріледі деген сөз.

Бірақ бұл ә дегеннен бола салмайды, ол үшін орта медициналық қызметкерлер арнайы бағдарлама бойынша білім алуы тиіс. Ол адам өміріне жауап беретін саланы қысқа мерзімде оқып, біліктілік жинау мүмкін бе, гәп осында.

8FA7FBDF-D814-4CF8-902A-6353638C431F

Сурет: pixabay.com

Осы жаңалық құлағына жеткен қоғамның қазір пікірі екіге жарылуда. Бірі бұл шешім дәрігерлер жетіспеушілігін шешеді десе, екіншілері жоғары білімі жоқ мамандарға ауыр дерті бар жандардың денсаулығын сеніп тапсыру мәселені ұшықтырып жібермей ме деседі.

Шынында білікті дәрігерлердің өздері кей-кейде нақты диагноз қоя алмай түрлі мамандарға жолдап жатады, иә болмаса басында өзі қойған диагноздарын аяғына дейін жеткізіп, қадағалап, науқастың толыққанды жазылып кетуін бақылауда ұстамайды. Соңы қайғылы жағдайларға жеткізіп, отбасыларын қасіретке душар етеді. Бұл өмірдегі шындық. Алдына барған науқасты немқұрайлы тыңдау, алдындағы компьютерден бас көтермей, телефонға қарап ем-дом тағайындау, тіпті ең сорақысы өз учаскесіндегі мүмкіндігі шектеулі жанның қанша жыл өтсе де бетін бір көрмеу бұл жасырын мәселе емес.

Алдына келіп отырған жанның «мына жері ауырып тұр, аяғын баса алмай қалды, не болды екен» деген ата-анасының сұрағына мардымды жауап қайтара алмау, білмесе білмегінін білдірмей өзге мамандарға жолдамау осының бәрінің арты қайғылы жағдайға әкеліп жатады. Бір-бірінің қойған диагнозына екіншісі қарсы шығу, немесе екінші маман белгіліп кеткен ем-шараны әрі қарай бақылауда ұстап жалғастырмау, тіпті екінші әріптесінің қойып кеткен нақты диагнозымен оқып-таныспау адам өміріне жауапкершіліксіз қараудың бірден бір көрінісі.

Ем қонбай жатса сырқаттың әу баста туа біткен ауруы қай жағдайда ушығуы, қандай ауру туа біткен диагнозға ауыр әсер беру мүмкіндігін саралап жатқан дәрігер көрмедік. Тіпті ауыр халде жатқан науқасты көріп «жоқ, бұл менің ауруым емес» деп бастарын ала қашу сынды жайттарға өз басымыздан өткергеннен кейін көз жеткіздік. Әрі-беріден соң бар кінәні ата-анаға ысыра салу да дәрігерлік этикаға жата ма?

Соңында басын тауға да, тасқа да соққан ата-ана дәрігерлерге сеніп жүріп алтын уақытты қолдан жіберіп, аңырап қалады. Сонда бәленбей жыл оқып, магистратура, доктарантура түгесіп келген білікті мамандар жаңсақтық жасап жатқанда орта буын мамандарға адам өмірін сеніп тапсыру дұрыс шешім бе?

Атын айтуды жөн көрмеген бір мейіргер былай дейді: «Шыны керек, осы бізге қатысты өзгерістер жүйкемізді жұқартып болды. Егу, науқастардың ем-домына нұсқаулық толтыру, үйде отырған науқастарға бару, мезгілімен дәрілерін алуды күн сайын ескертіп, емханаға шақыру, бітпейтін қағаз толтырып, шығару, компьютерге науқастарды тіркеу, ішетін дәрілеріңізді алыңыз деп әлденеше хабарласу т.б. жұмыстардың өзі біздер үшін аз жүктеме емес. Ал ендігі жерде тұрғындарды өзіміз қабылдап, анау-мынау ауруларға өзіміз ем-дом тағайындау үлкен жауапкершілік емес пе? Бұл үшін қайта оқып келсең де үлкен тәжірибе жинақтап барып іске бел буу керек. Соның өзінде де біліміміз жетпей жатса не болады. Мен мұндай жауапкершілікті өзіме алуға қорқамын».

Сөзінің жаны бар. Әйтеуір бір апамнан бір апам сорақы болған денсаулық саласы жұртшылықты емдеумен емес, қалай таң қалдыруды алдарына мақсат етіп отырғандай.

Портал мен протоколдың әуресі

Осы жұртшылыққа протокол мен порталдың да әуресі аз болып тұрған жоқ. Портал дегеніміз – азаматтардың медициналық ұйымды таңдаудағы еркін құқығы, жоспарлы емдеуге жатқызу қолжетімділігі  мен айқындылығы.  Науқас дәрігердің жолдамасы арқылы өңірлік және республикалық клиникалар бойынша ағымдағы емдеу шараларына мүмкіндік алады. Алайда осы порталды да апталап, тіпті бірнеше айлап күтуге тура келіп жатқаны шындық. Порталды күте-күте ауруымнан айғып кеттім деп әзілге айналдырғанмен, өміріне қауіп төнгенде соңғы үміті осы портал болғанда соған қайсібірінің жете алмай пәни жалғанмен қош айтысып жатқанының бірнеше мысалы бар. Порталға әне-міне қалды дегенде татар дәм-тұзы таусылған ауылдастар оқиғасы бұған дәлел.

Әрине, қазір науқастар саны көп. Қазақстан шағын ғана Шыңғырлау емес, оның бірнеше облысы, аудан-ауылдары бар. Медициналық көмекті күтіп кезекте тұрғандар да, баяғы жыр болған маман жетіспеушілігі де үлкен мәселе. Дейтұрғанмен де осы портал жүйесіне неге реформа жасамасқа? Ауыр науқастарды облыстар көлемінде кезекке қойып білікті деген мамандарды арнайы іс-сапармен алдыртып өз өңірлерінде ота жасаса, бұл жергілікті дәрігерлердің де тәжірибе жинауына мүмкіндік бермес пе еді?

Ал протоколдың да өзіндік қитұрқы қырлары жетерлік. Күні кешегі ковид кезінде протоколдың бірізді болмауынан, дұрыс ем-дом белгіленбеуден қаншама жан бұл өмірмен қош айтысты. Оның бер жағында да қазір алда-жалда ауруханаға жата қалсаңыз кім-кімге де сол протокол шеңберінде ғана ем-шара тағайындалады, одан шығуға болмайды. Артық ем тағайындай қалса жауапкершілігі тағы бар.

Дәрігер да адам баласы, қай ауруды да тағы да басқа дәрі-дәрмектермен емдеуге болатынын біледі, бірақ оны өздігінен белгілей алмайды. Ал былай жасап көріңіз деп айтуға құқығы болғанымен ол аурухана қабырғасында жасалатын шара болмағандықтан, үйде емделгеннің септігі тие ме, дұрыс әлде бұрыс бола ма, тағы белгісіз. Он күн бе, бір апта ма ем қабылдаған соң ауруханадан протокол бойынша шығарыласыз, аурудан түпкілікті айыға алдыңыз ба, емді әрмен қарай қалай жалғастырса болады, оған ешкімнің де басы ауырмайды. Зардап шегетін де науқас, апта өтер-өтпестен ауруханаға қайтадан жүгінетін де сол сырқат жан.

Әйтеуір, денсаулық саласын нұмқұрайлылық жайлаған ба деп қаласың. Дәрігерлердің де көздерінен от жанып тұрғанын көрмейсіз, осы ауру жанұшырып жүр-ау, қандай сараптама жасатқаны жөн, былай істесе қалай болады, мына сараптама ең бірінші алыну керек еді ғой, әттең уақытты өткізіп алған жоқпыз ба деп басы ауырып жатқан ешкім жоқ.

Шырылдаған ата-ана, ауру еңсесін басқан, қалтасынан ақша төлеп қала аралап түрлі сараптама жасатып, әуреге түскен бір жан.

Әрине, дәрігер тапшылығы, үлкен жүктемелер, кезексіз кезекшіліктер дәрігердің де жүйкесін жұқартатын болар. Оның үстіне маман тапшылығы тағы бар, біз біліп-білмейтін өзге де факторлар жетерлік шығар. Бірақ қоғамның басты байлығы адамның денсаулығы болған сәтте әр маман өзінің жұмысына жауапты болуы керек-ақ.

Қатерлі ісік қатерлі болмай қалды ма?

Кезінде қоғамда туберкулез ауруы ең жұқпалы, әлеуметтік маңызы ерекше ауру түрінен саналатын еді. Бір үйден бір ауру жан табыла қалса отбасымен бірге есепке алынып, әлсін-әлсін тексеріліп, түбегейлі жазылып кеткенше мерзім-мерзімімен арнайы сауықтыру орындарына жіберілетін. Оларға берілетін дәрі-дәрмектердің өзі қатаң бақылауда ұсталып, пәтері жоқ науқас жандарға пәтер беру мәселесі де қарастырылатын.

Бертін келе қатерлі ісік ауруы көбейген шақта осы дертке шалдыққан ауруларды да дер кезінде анықтау, скринигтер жүргізу, аурудың алғашқы сатысында емделудің тиімділігі туралы жиі айтылып, пәрменді шаралар қолға алынатын. Бұл әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен емес. Сонымен қатар бұл санаттағы науқастарға мүгедектік тағайындалып, қабылдауға тиіс дәрі-дәрмектері де беріліп, жылына бір рет емдік жәрдемақы да төленетін.

Соңғы жылдары мүгедектікте екі жыл-үш жылдан соң алынып, берілетін жәрдемақыға да шектеу қойылып отыр. Адам мүгедектіктен шығарылып тасталғанмен оның денесіндегі дерт ешқайда жоғалып кетпейді, қауіпті топтан шығарылғанның өзінде әлденеше алған химия және сәулелік терапиялар адамның сау ағзасына да зиянын тигізіп, зақымдайды. Бір ғана алған химияның өзі адам ағзасында бірнеше жылдар жүретінін сол облыстық онкология диспсерінің дәрігерлері өздері де айтады. Жазылып шықты дегеннің өзінде зақымданған өзге ағзаларды да емдеуге турал келеді. Ол үшін дәрі-дәрмек керек, оның бағасы удай. Әрі оны сатып алу үшін қаражаттың қажеттігі түсінікті, өзі мүгедектік топтан шығарылып тасталған, мардымсыз табыс табатын жандарға бұл үлкен мәселе екендігі түсінікті.

Енді осы қатерлі ісікті қатерсіз деп танып, осы дертпен ауыратын адамдарды жылына бір рет берілетін жәрдемақыдан қағудың қаншалықты қажет болғаны түсініксіз. Әрине, бұл көмек берілмей жатқан жоқ, берілуде. Ол үшін сіз міндетті түрде онкологиялық диспансерде жатып, ем қабылдаудамын деген анықтама қағазды тапсыруыңыз қажет.

Ал егер сіз бүкіл курсты аяқтап, жағдайы жақсы деп шығарылғаныңызбен де үйде ем-домды жалғастырып, қажетті дәрі-дәрмекті өз қаражатыңызға сатып алып жатқандығыңызға ешкімнің де басы ауырмайды. Әрі жергілікті аурухана жанынан берілетін тегін дәрілерге де шектеу қойылған. Қазір осы дертпен жасымыс түгілі жастар көптеп ауырып жатқан заманда қатерлі ісік ауруын емдеуге неге реформа жасалмайды. Қазір жақын-жұрағаты ауырған жұртшылық халықтан алақан жайып, тиын-тебен жинауда, ол керекті қаражат уақытында жиналса жақсы... Әйтеуір өз қотырын өзі қасып жүрген бір адам.

Қат мамандар, қайдасыңдар?

Статистикалық мәліметтерге қарасақ, әр ауруханадағы сегізінші адам зейнет жасындағы мамандар екен. Олардың рахаттанып зейнетінің қызығын көргісі келмейді дейсіз бе, маман жетіспегендіктен, әріптестерінің қолқалауымен жұмыстарын жалғастыруға мәжбүр. Ал жыл сайын арнаулы жоғары оқу орнын бітірген түлектер ауылға барғанымен көп ұзамай қалаға бет бұрады, ауылда қалғысы келетіндер сирек.

Өйткені қалада әр жерде тиіп-қашып жұмыс істеп, ақша табу мүмкіндігі жоғары. Көбісі жеке емдеу орындарына жұмысқа тұрады. Әйтеуір, жастар оқуды еліме, халқыма пайдам тисе екен деп оқымай, керісінше қайтсем ақша табам деген мақсатпен оқып жатқандай көрінеді. Осындайда кеңес кезіндегідей арнайы жолдамамен аудан-ауылдарға жіберіп, міндеттеу қажет пе деген де ой туындайды.

Бірақ ондай міндет қазірде де бар. Әйтеуір қалай айналсаң да шыға алмайтын шеңбер. Қат мамандарды ауылға қалдыруда қандай ұсыныстар тиімді, олардың ауылда жұмыс істеулері үшін қандай мүмкіндіктерді қарастырған жөн. Үлкен ынтамен келген жастардың емдеу жүйесіндегі ұсыныстары мен пікірлерін жүре тыңдап, әлі жассың қоя тұр демей бір сәт оларға да сенім білдірген дұрыс па? Өз ойы мен ұсынысы қолдау тауып жатпаса, ізденістері іркіле берсе, олардың да таулары шағылары анық.

Көп сөздің тобықтай түйіні – денсаулық саласында отырған, түрлі бастамалардың басын қылтита салуға әуес биліктегілердің өздері де болашағы жоқ реформаларды ойластыра бергенше, нақты елге пайдасы тиетін, жұрттың көкейінде жүрген мәселелерді шешуге бет бұрса қайтеді екен деген ой мазаңды қашырады.

Ертеңгі күні денсаулық саласындағы білігі мен тәжірибесі аз маман өзіне берілген құқықты пайдаланса, онсыз да қысқа өмір қысқарып кетпей ме? Осыны ойлар кім бар екен?

Гүлшат Ибрагимқызы

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале