«Еңбектің наны тәтті» дейді халық нақылы. «Еңбек адамы» айдарының бүгінгі кейіпкері де адал еңбегімен халқының алғысына бөленген жан. Бар ғұмырын ауыл шаруашылық саласының дамуына арнаған оның өмір жолы ұрпағына мақтаныш, басқаға үлгі болмақ.
Кәкім Утишқалиев биыл Тасқала аудандық ветеринариялық станция мекемесінен зейнеткерлік демалысқа шығып қызметін тоқтатты. Зейнеткерлік жасқа жеткенше ауыл шаруашылық саласына үлесін қосқан ағамыздың үйіне арнайы барып, әңгімеге тарттық. 1958 жылы Ульяновск облысында көпбалалы отбасында дүниеге келген оның, Ресей жерінде кіндік қаны тамғанымен, кейін әке-шешесі қазіргі Атамекен аулына көшіп келеді. Өздері әуелден шаруа адамдар балаларын оқытып, үлкен өмірге араластыруға барын салған екен. Атамекен аулында он жылдық мектепті бітірген Кәкім Қабдоллаұлы қазіргі Семей мал дәрігерлік институтына оқуға түсіп, үздік деген бағамен тәмамдайды.
-Семей мал дәрігерлік институтына алғашқылардың бірі болып туған ағам Хабдолнағым оқуға түсіп, қызыл дипломмен бітірген еді. Соңынан еріп мен де 1981 жылы сол оқу орнын мал дәрігері мамандығы бойынша тәмамдадым. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң институт берген жолдамамен Торғай облысы, Октябрь ауданы, Железнодорожный совхозына мамандығым бойынша жұмысқа орналастым,- деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. Железнодорожный совхозында агроном болып жүрген кезінде Рысгүл есімді бойжеткенмен танысып отау құруды жоспарлайды.
-Бір жылдан соң ата-анамның, ағайын-туманың ақылымен елге оралып, тойымызды жасадық. Оқыған жас маман екенімізді білген әкімшілік жолдамамен қазіргі Атамекен аулына қарасты Қисықсай елді мекеніне жіберді. Ол уақыттағы тәртіп бойынша мені жұмыспен аударған жерден жұбайыма да қызмет тауып беретін еді. Солай жас отбасы, жас маман болып мен мал дәрігері, ал жұбайым Рысгүл бухгалтердің көмекшісі болып қызметке кірістік. Жас болсақ та жауапкершілік дегенді сезінген болуымыз керек, жұмысты жақсы атқаруға барымызды салатын едік. Қолында дипломы бар, оқыған мамандарды әкімшілік те жоғары бағалайтын. Жұмыс жасауға мүмкіндік туғызатын. Айнала ауыл адамдарының да қолдауы жақсы болды. Біраз қиыншылықтар да болды, онсыз жұмыс болмайды, - деп кейіпкеріміз естелігімен бөлісті.
«Ақ орамалы желбіреп»
Мал дәрігері мамандығының ішінде Кәкім Қабдоллаұлының жанына жақыны хирургия саласы болатын. Сол себепті де кейіпкеріміз ауру малды емдеп жазып қана қоймай, біраз эксперименттік жұмыстарды да жүргізген екен. Бұл туралы кейіпкеріміздің жолдасы Рысгүл апамыз айтып берді.
-Үйленген жылы екеуміз де жаспыз, бала жоқ. Сол уақыттарда біраз жұмыстарды үйге алып келіп жасайтын. Мен қолымнан келгенше көмектесіп отыратынмын. Бірде екі қошақан ауруға ұшырады. Қой ценурозы, миқұрт ауруы. Сол екеуін үйге алып келіп, маған ұстатып қойды. Қошақандардың да бас сүйегі адам баласының бас сүйегімен ұқсас болады екен. Жанына барлық құралдарын алып, қошақанның бас-сүйегіне ота жасады. Өледі деп жүрген қошақандарымыздың басына ақ бинт байлап, қораға шығарып жібердік. Үш бұзауымыз бар еді. Сол екі қошақан бұзауларға ілесіп далада жайылып, сиырдың сүтін ішіп өсіп кетті. Барлық ауыл адамдары қошақандарды «ақ орамалы желбіреп» деп әзілдеп жүретін. Тағы бірде ауылдас әженің сиыры бұзаулайды. Содан сиыр бұзауына еміренгені соншалық, жалап-жалап кіндігін 1 метрдей шығарып алған. Сонда Кәкім бұзауды қарап, қолымен кіндігін ішіне кіргізіп, терісін тігіп шағын ота жасап берген. Сонда ауылдас әже «айналайын, қолынан келгенін істедің, енді бұйырғаны болар» деп алғысын білдірген. Кейін әлгі бұзау өсіп, үлкен мал болғанын көрдік.
Жаз басталысымен қошақандарға көк дәрі ішкізу жұмысы мал дәрігерінің міндетіне кіретін. Сол уақытта ат арбамен шаруаларды аралап әр қошақанның аузына дәрі құю үшін мектеп оқушыларын көмекке жіберетін.
-25 мамыр күні сабақ аяқталысымен үйімнің алды оқушыларға толып кететін. Ауыл балалары сол жұмысты қызық көріп, таласа атқаратын. Сонда даладан қошақандарды ұстап алуға көмектесетін. Соның өзі біраз көмек болатын, - дейді.
1986 жылы қызмет бабымен Кәкім Қабдоллаұлын Ленин совхозына бас мал дәрігері лауазымына ауыстырылады. Алты мыңдай ірі қарасы бар сүт совхозының жұмысы да шаш етектен. Жауапкершілігі де сондай ауыр еді. Алайда жүктелген міндетті абыроймен атқаруды мақсат тұтқан маман ол жұмысқа да білек сыбана кіріседі.
-Ленин совхозында жұмысты таңғы бесте бастайтынмын. Себебі жұмыс көп, жауапкершілік мол. Ең басты мән беретініміз тазалық мәселесі еді. Себебі сүт болғандықтан оның тазалығы бірінші орында. Аудандағы май заводына ауыл ауылдан сүт тасып тапсырып жатады. Алты сүт тасушы машинасы болды. Олар таңертең 3 тонна, кешке 3 тонна сүт тапсырады. Сол сүт ашып кетпеу керек, таза болу керек. Ол үшін малды уақытылы егу, қан алу жұмыстары тәртіп бойынша жүру керек. Сол уақыттағы үлкен еңбек сауыншы әйелдердікі. Қысы-жазы таңнан кешке дейін сиыр сауып, жұмыстарын жақсы атқаратын еді. Олардың қызметіне тек қана сиыр сауу емес, аппараттарды жуу, бұзауларға сүт беру секілді басқа да жұмыстар кіретін. Ол – үлкен еңбек. Күннің салқынына қарамастан аяқтарына етік киіп алып, жұмыс жасайды да жүреді. Қазір соның бәрін ойлап отырсам, сол уақыттағы адамдардың еңбекқорлығына тәнті боламын. Жұмыс таңдамайды, берілген жұмысты адал атқарады, - деп Кәкім Утишқалиев өткен шақты ерекше сағынышпен еске алды.
Ленин совхозында сүт шаруашылығы үздіксіз жүріп, жүктелген міндеттер орындалды. Әсіресе Кәкім мырза өзі атқарған 10 жыл уақытта бір рет те сарып ауруының болмағанына әлі күнге қуанады. Сүт шаруашылығының басқалардан ерекшелігі күнделікті еңбекте. Ала таңнан кеш батқанша тынымсыз жүріп тұрған жұмыс біраз адамның маңдай тері екенін естен шығармайық.
-Кейін ветеренарлық лабораторияда, аудандық-аумақтық инспекция, ауыл шаруашылығы бөлімі, ветеринария бөлімдерінде қызмет атқардым. Жалпы жұмысты ең төменінен бастадым. Жүктелген міндеттері атқаруға тырыстық, еңбегімнің бағасын ел берер, - дейді қарапайымдылықты жаны сүйген Кәкім Қабдоллаұлы.
Бүгінде екі қыз тәрбиелеп өсіріп, жиендерінің қызығына бөленген бақытты ата мен әже шаңырақтың ұйытқысы болып отыр. Қызмет барысын қарапайым жұмысшы болып бастап, басшылық қызметтен зейнеткерлікке шыққан кейіпкеріміздің ғұмыры ұзақ болын!
Әсем Аман,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz