1.10.2018, 14:30
Оқылды: 64

Ресейдегі «мәрмәр ет» фестиваліне қатысты

Ресейдің Саратов облысына қарасты Александров-Гай ауданында «Мәрмәр ет» фестивалі өтті.

et (3)

            Осы фестивальге Қазталов ауданы да арнайы шақырту алып, аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова бастаған қазталовтық делегация қатысып қайтты.

Фестиваль Алғай жерінде осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Фестивальге Саратов облысының губернаторы Валерий Радаевтың өзі қатысып, қазталовтықтарға деген ыстық ықыласын білдірді.

Аудан орталығындағы орталық саябақта «мәрмәр ет» фестиваліне арналған ет жәрмеңкесі, кәуап, палау, қуырдақ пісіру сайыстары, ауыл шаруашылық өнімдерінің көрмесі, асыл тұқымды малдардың көрмесі ұйымдастырылған. Аудандағы шаруа қожалықтар сапалы еттің түр-түрін ұсынып, тиімді бағамен сатып жатты. Жәрмеңке басында мамандардан XIX ғасырдың алпысыншы жылдары пайда болған бұл деликатестің бүгінде 120-дан астам түрі бар екенін және бұл ет түрінің дәмі, түсі, өңі туралы кеңінен ақпар алдық. Мәрмәр еттің ерекшелігі – бұлшық еттегі май қабаттары етті сөлді әрі жұмсақ етеді екен. Бұл сапалы етті асыл тұқымды Ангус, Герефорд және өзіміздің Ақбас сиырды күтіп-баптау арқылы өндіруге болатынына көз жеткіздік. Нарықта жоғары бағаланатын «мәрмәр еттің» бұл жәрмеңкеде орны бөлек.

            Сонымен қатар, фестиваль аясында саябақта театрландырылған қойылым, концерттік, спорттық бағдарламалар және тосаптар көрмесі, палау, стейк сияқты дәмді ет тағамдары ұсынылды.
Сондай-ақ фестивальде спорттық күш экстримі сайысында жерлесіміз Жасұлан Құлқайыров білек күшінің мықтылығын дәлелдеп, екінші орынға ие болды. Қазақ елінің намысын қорғаған жерлесіміз жүлделі орынға тігілген «мәрмәр етке» ие болды. Сондай-ақ қой көтеру сайысында да Жасұлан қарсыластарының бәрін шаң қаптырып, бас жүлдеге тігілген қойды қанжығасына байлады.

Қайрат ЖАҚЫП,

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

et (2)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале