Бүгін Шыңғырлау ауданының орталық демалыс саябағында ұлттық мереке – Республика күніне орай Ел байрағын салтанатты түрде көтеру жиыны өтті.
Жиынға аудан басшысы Мұрат Өмірәлиев, Шыңғырлау ауданының құрметті азаматтары Сабыр Сәмиев, Адақ Шотпанов, мекеме және бөлім басшылары, Ішкі істер мен шекара қызметінің сарбаздары қатысты.
1990 жылы 25 қазанда қабылданған Егемендік туралы Декларация негізінде белгіленген мемлекеттік мерекенің ел өміріндегі маңызы туралы, осы күннен Тәуелсіз ел тарихының жаңа даму, зайырлы мемлекетке айналу тарихы басталғаны туралы айтылып, аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевке құттықтау сөз берілді.
- Бүгінгі күн мемлекетіміз үшін, еліміздің әрбір азаматы, халқы үшін айрықша маңызы бар мереке. Егеменді елде, тыныш заманда, тату қоғамда өмір сүріп келеміз, мұны бағалау керек. Осы тыныштықты сақтау, жасампаз мемлекет ертеңі үшін, соның ішінде ауданымыздың дамуы үшін әрбір азамат адал еңбек етіп, қызметте болсын, қоғамдық жұмыстарда болсын қолымыздан не келеді, соны қоғам игілігі үшін жасауымыз керек. Мереке құтты болсын! Әрбір отбасы аман, денсаулығы мықты болғай, Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! - деген аудан басшысының құттықтау тілегінен соң әнұраны аясында Мемлекет туы биікке көтерілді.
Күзгі самалға тербеле толқып, жайыла желбіреген көк байрақ әр көңілдегі Елімізге деген мақтаныш, келешекке деген сенімді бірге көтере түскендей...!
Қаршыға Елемесов
Шыңғырлау ауданы