Қаратөбе ауданында халық композиторы, әнші, ақын Мұхит Мерәліұлының 180 жылдығына арналған «Ән құдіретін асқақтатқан Мұхит сал» республикалық дәстүрлі әншілер байқауы мәреге жетті.

Кең тынысты әндерімен алты алашқа ән оздырған Мұхит бабамыздың әндерін орындаушылар арасындағы республикалық байқауға еліміздің жеті облысынан 17 үміткер қатысып, өнер додасында бақ сынады. Кәсіби әншілер өзара сынға түскен байқау үш кезеңді қамтыды.

Байқаудың алғашқы кезеңінің шарты бойынша Мұхит Мерәліұлының кең диапазонды бір әнін және байқауға қатысушы өз өңірінің халық композиторларының бір әнін өз қалауынша орындады.
Ән байқауының келесі кезеңінде үміткерлер жеребе суыру арқылы дәстүрлі ән мектептерінен бір әнді, өз қалауы бойынша халық әнін шырқап, қазылар алқасы тарапынан жоғары баға алуға тырысты.

Ал соңғы үшінші кезең бойынша Мұхит стиліндегі жоғары диапазонды «Айнамкөз», «Паңкөйлек», «Гүлжан сары», «Көк айдай», «Үлкен айдай», «Кіші айдай», «Дүние-ау» әндерінің біреуін және әншінің өз қалауы бойынша бір ән шырқауына мүмкіндік берілді.

Мұхит Мерәліұлының мерейтойына арналған дәстүрлі әншілер байқауының қорытындысын жариялау үшін қазылар алқасы сахна төріне шақырылды. Алдымен «Ән құдіретін асқақтатқан Мұхит сал» республикалық дәстүрлі әншілер байқауына қатысып, өнер көрсеткен бірқатар үміткерлерге алғыс хаттар мен дипломдар ұсынылды.

Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған ақтаулық Нұрым Асқанов бас жүлдені еншіледі. Ал Павлодар облысынан қатысқан Дәуренбек Сламғалиев жүлделі бірінші орынға ие болса, екінші орынды жерлесіміз Нұршат Исламғалиев пен атыраулық Байбақты Ідірбай еншіледі. Алматы қаласынан келген Қайратбек Бектұрсын мен атыраулық Фатима Серікбаева үшінші орынды иеленді.

Ән байқауына қатысушылардың барлығына кәдесыйлар ұсынылып, жеңімпаз-жүлдегер әншілерге ақшалай сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар аудандық мәслихат депутаты, «Аманбол» шаруа қожалығының жетекшісі Амангелді Мырзағалиев байқауға қатысушы жерлес дәстүрлі әнші Нұршат Исламғалиевтің өнеріне ризашылығын жеткізіп, ат мінгізді.

Еске сала кетейік, баба мұрасын насихаттаушы дәстүрлі әншілерге «ҚР мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің, «Құрмет» орденінің иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі, қазылар алқасының төрағасы Қайрат Кәкімов бастаған Сәуле Жанпейісова, Сағадат Рахметжанов, Ербол Айтбаев, Армат Еслямғалиев, Серік Абдрахманов, Мәулет Жұбатов сынды өнер майталмандары қазылық етті.

Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өнер саңлақтарының гала концертіне ұласты.
Мерейтойлық шаралар Мұхит Мерәліұлының туған жері Саралжын ауылдық округінде жалғасын таппақ.

Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz