15.12.2024, 19:25
Оқылды: 251

Республикалық Қабанбай батырды еске алу кубогінде бәйтеректік Расул Жолдасов жүлдегер атанды

Семей қаласында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ұйымдастыруымен Қабанбай батырды еске алу мақсатында спорттық және жауынгерлік самбодан ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының кубогы өтті.

photo-output
Бұл жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен 300-ге жуық спортшы қатысып, өз шеберліктерін көрсетті. Батыс Қазақстан облысының намысын қорғауға келген 10 спортшының жетеуі жүлделі орындарға ие болды. Олар жалпы есепте 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль еншіледі.
Ерлер арасындағы жарыста 53 кг-нан 98 кг-ға дейінгі салмақ дәрежелерінде белдесулер өтті. Бұл сайыста ерекше көзге түскен спортшылардың бірі – 64 кг салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Расул Жолдасов. Ол жарыста төрт кездесу өткізіп, Павлодар, Астана және Қарағанды қалаларынан келген спортшыларды жеңді. Тек финалдық белдесуде Астана қаласының өкіліне жол беріп, күміс медаль иегері атанды.

IMG-20241212-WA0007
- Мен бұл жарысқа екі ай бойы тыңғылықты дайындалдым. Оқушылар мен жастар сарайында жаттығып, жаттықтырушыларым Нуфтолла Түменов, Бірлес Есенғалиев және Райбек Мендіғалиевтің нұсқауымен шеберлігімді шыңдадым. Ақпан айында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Осы жарыс бізге болашақ қарсыластарымызды зерттеуге, олардың күресу әдістерін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл жеңіліске қарамастан, алдағы уақытта алтын жүлдеге қол жеткізу үшін дайындығымды жалғастырамын, - дейді Расул Ерланұлы.

Салтанат Шоқанқызы
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале