3.04.2021, 22:39
Оқылды: 67

Республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауы аясында Жаңақала аудандық қоғамдық-саяси газетінің редакторы марапатталды

«Оң қолыңмен бергенді сол қолың көрмесін» дейді дана халқымыз. Қайырымдылықтың жариясыз жасалғаны дұрыс. Алайда, өзіміз сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғамның мейірімсіз еместігін біліп, жомарт жүректі қайырымды жандарды танып, үлгі тұтуымыз қажет. Мұқтаж жандарға көмек қолын созған ақ пейілді қайырымды жандарды насихаттау мақсатында Елбасы қоры және Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы «Қайырымдылық керуені» атты республикалық байқауды ұйымдастырып келеді.

«Қайырымдылық керуені» (1)

Байқау бес бағыттан тұрады. Олар: «Асар» (қайырымдылық қызметі ұлттық салт-дәстүрлермен байланысты адамдар үшін); «Туған жер» (туған өлкеге білім беру, экология және көріктендіру саласында көмек көрсететін адамдар үшін); «Батыл жүрек» (ерлік іс жасаған адам марапатталады); «Мейірім жолында» (күнделікті өмірде қайырымды істер жасайтын тұлғаларға арналған номинация); «Қайырымдылық тарихы» (номинация қоғамның назарын әлеуметтік мәселелерге аударатын, қайырымдылық тақырыбын БАҚ-да үздік жарыққа шығарғаны үшін журналиске немесе шығармашылық ұжымға беріледі).

Аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақан Қапанов аталмыш байқауға қатысып, халықты қайырымдылық жасауға шақырып, ел-жұртты ізгілікке үндеген аудандық «Жаңарған өңір» қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы Алтынбек Ермекқалиевті қабылдап, құрмет көрсетті.

- Елдің өркендеуіне, көркеюіне, әлеуметтік дамуына осылай үлкен үлесіңді қосып, қоғамның игілігі үшін қызмет етіп келесің. Қашанда ауданның көкейкесті мәселелерін, халықтың мұң-мұқтажын атқарушы билікке жеткізуден кенде емессің. Еңбегіңе жеміс, жұмысыңа сәттілік тілейміз, - деп А.Нұрғалиқызы жүрекжарды лебізін білдіріп, «Қайырымдылық тарихы» бағаны бойынша «Нұрсұлтан Назарбаев» қорының директоры Дариға Назарбаеваның қолы қойылған алғыс хат пен сый-сияпатын табыс етті. Алғыс хат мәтінінде «Сізге қоғам игілігіне жасап жатқан қызметіңіз және өзгелердің қиындығын шынайы жүрекпен сезініп, жан жылуыңызбен бөліскеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз» делінген. Өз кезегінде газеттің бас редакторы А.Серікқалиұлы:

- Аудан үшін еңбек етіп, әлі де биіктен көрінуге жұмыстанамын. Сіздердің де еңбектеріңіз жемісті болсын. Толағай табыс, отбасы амандығын, жарқын жетістік тілеймін. Ауданның мерейі артып, елдің абыройын асқақтатып, аман жүріңіздер, - деді өз ризашылығын білдіріп.

Жаннұр Берікқызы,
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале