Бәйтерек ауданының биылғы 10 ай қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы аудан әкімі Марат Тоқжановтың есептік жиыны Рубежин ауылында жалғасты.
Аталған округте күні бүгін 2 ЖШС, 20 шаруа қожалығы тіркелген. Оның 9-ы мал өсірумен, қалғаны астық дақылдарын өндіру, бау-бақша, көкөніс ісімен айналысады. Қазіргі таңда «Азамат» қожалығы 124 бас ірі қара, «Наурыз», «Бесқасқа» 6 бас бұқа алып, асыл тұқымды мал басын көбейтуде. Биыл мамыр айында ауылішілік жолдарға, соның ішінде, Жайық, Абай, Бейбітшілік, Ақсарай, Жастар және Сарайшық көшелеріне жалпы ұзындығы 8,1 км болатын жаңадан асфальт төселген. Жол жиектеріне жаяу жүргіншілер өтетін белгілер орнатылған. Сонымен қоса жыл ішінде жол тартылмаған көшелерге «Бәйтерек Жол құрылыс» ЖШС техникасымен, құм төгіліп, тегістелген. Спорттық алаңның сынған қоршаулары қайта қалпына келтіріліп, «Таза жағалау» акциясы аясында Жайық өзенінің бойы қоқыстан тазартылған.
Рубежиндіктерді алаңдататын негізгі мәселелер ауылдықтар үшін АШӨК құрудың маңызы, сүт өнімдерін өткізу құнының мал азығына қажетті қаражатты өтемеуі болды.
Аудан әкімі Марат Тоқжанов «Ауыл аманаты» бағдарламасының аудан көлемінде жүзеге асырылуына тоқталып, бүгінде АШӨК-ке біріккендердің ұтымды еңбегін мысалға келтірді.
- Ауданда ауыл тұрғындарын жан-жақты қолдау, ауылдық тауар өндірушілерін аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігіне және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Ауыл Аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда 573,7 млн теңгеге 74 өтінім мақұлданып отыр. Жоба шеңберінде өз кірістерін арттыру мақсатында жылдық 2,5% сыйақы мөлшерлемесімен жеңілдетілген шағын несие алу үшін жоспарға сай 18,2 млн.теңгенің 2 жобасы өсімдік шаруашылығына, 76,6 млн.теңгенің 10 жоба құс шаруашылығы және 272,3 млн.теңгенің 41 жобасы мал шаруашылығына игерілді. Соның ішінде 83,0 млн.теңгенің 3 жобасы АШӨК (кооператив) мал шаруашылығын дамытуға бағытталды. Ал 206,6 млн.теңгенің 21 жобасы шағын бизнесті өрістетуге негізделген. Мал азығының бағасы өнімінен асып түспеуі үшін тауарлықты асыл тұқымдыға айырбастау керек, - деді аудан әкімі Марат Тоқжанов.
Сондай-ақ есептік кездесу барысында тұрғындар тарапынан кеніштің елді мекеннен заңға сай қандай қашықтықта орналасуы, Набережное көшесінде тасқынға қарсы жұмыстың жүргізілуі, қатқыл табанды жол мен су құбырының сапасына қатысты түйткілдер көтерілді.
Гүлім Орда,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz