Қазіргі таңда Бәйтерек ауданы Рубежин ауылдық округінде де қауіпсіздік мақсатындағы бөгет көтеру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бөгеттің ұзындығы – 1300, биіктігі – 3 метр. Құрылыс басына 4 КаМАЗ, 2 жүк тиегіш көлік, 1 экскаватор жұмылдырылған. Рубежин ауылындағы халық саны – 1487. Жайық өзені ауылдың кейбір тұстарынан 30-50 метр қашықтықта тым жақын орналасуына байланысты қазіргі таңда ондағы Бейбітшілік, Жайық және Абай сынды үш көшеге тасқынның екінші толқынынан төнер қауіп бар.
- Бейбітшілік көшесі ауыл шетінде орналасқан. Тасқынның екінші кезеңі болса, оған су кету қаупі бар. Сол себепті бөгет көтеріп, суға айналма жол қазып жатырмыз. Ауылдың арғы жағындағы бұрыннан бар бөгетті де жаңарттық. 1994 жылы құрылған. Уақыт өте келе су шайып, аласарған. Соны да көтердік. Ауылағы Жайық көшесінің шетінде де тағы бір қауіпті тұс бар. Оған да Камаздармен топырақ төгіп, жар жасап жатырмыз. Оның ұзындығы 600, биіктігі 3 метр шамасында. Сондай-ақ Абай көшесінің де 13 үйі еңісте қоныстанған. Ол бағытта да қауіпсіздік мақсатындағы жұмыстар жүргізілуде, - деген Рубежин ауылдық округінің әкімі Асылбек Кенжин күні бүгін ауылдағы колледж жатақханасында эвакопункт дайындалғанын және қажеттілік туын1даған жағдайда мектептен де орын қарастырылатынын мәлімдеді.
Гүлжаз Баделова,
Бәйтерек ауданы,
zhaikpress.kz