Кеше Сырым ауданына Батыс Қазақстан облыстық радикалды идеологияның алдын алу бойынша ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері келді.
Ең әуелі, радикалды идеология деген сөзге аз-кем тоқталайық. Бұрындары дәстүрлі емес діни ағым деген анықтама жиі айтылатын. Қазақтың тұрмысына сіңісті, сіңір мен сүйектей бірін - біріне қабысып келе жатқан ислам діні мен ұлттың ділінің арасына жік салу саясаты белең алғалы бұл термин жиі қолданылды. Алғашында, жат ағымдардың негізгі фокусы - діни сенімдерде ғана болғаны рас. Кейін тарихқа тіл тигізетін, дәстүр мен салтты сынайтын, ұлт үшін қастерлі есімдер мен құндылықтарды қаралайтын, тіпті азаматтардың жеке өмір сүру стилі мен жанұялық қатынастарына дейін араласып, ақыл айтатын топтар көбейді. Әркімнің тақырыбы алуан болғанымен, ортақ мақсат - бейбіт қоғамды қоздыру, рухани қабатты тоздыру. Міне, осы солшыл саясатқа радикалды идеология деп атау беруге әбден болады.
Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасының жанындағы “Дін мәселелерін зерттеу орталығының” басшысы Мейрамбек Қабдоллин, діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің басшысы Ерболат Исанов әуелі аудандағы әріптестерімен кездесті.
Кейін білім беру ұйымдарында педагогтармен, оқушылармен сұхбат құрды. Осы күні белгілі имам, дінтанушы ғалым Мұратбек Жахатов тарихшы мұғалімдермен, елдегі қария - қарттармен жүздесті. Оған Сырым аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Тимур Құбаев қатысты. Кездесудегі ортақ тақырып - тарих, дін, шежіре, әдет - ғұрып. Міне, радикалды иделогиядан біздер қорғау керек құндылықтар - осылар.
-Қазақтың құнарлы жері - ауыл. Ел арасында сақталған аңыз - әңгімелерді, шежірелерді қағазға түсіру, мәдениетіміздің өңделмеген мұрасы ретінде жинау - дәл бүгінгі уақытта жасайтын жұмыс, - деді имам.
Иә, бұл жұмыс көнекөз қарттар тірі де, тарихи мекендер мен құрылыстар аман уақта жасалуы тиіс еді. Қазір қимылдамасақ тіпті кеш болары сөзсіз.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы