18.01.2022, 12:30
Оқылды: 18

Рухани ортаны сақтап қалды

Облыс орталығына жақын орналасқан Махамбет ауылдық округі жылдан-жылға даму үстінде. Былтыр округ орталығындағы клуб ғимараты «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауқымында күрделі жөнделді. Оған ел разы. Осы күні түрлі үйірмелерге қатысатын ауыл балалары жылы да ыңғайлы жерде қажетті дүниелерін үйренуде.

65A407E9-2697-4ED0-8E96-E66D2D7F0349

Айта кететін тағы бір жайт, біраз жыл бұрын осы ғимараттың бір бөлігін жергілікті кәсіпкер Алмас Аманғалиев жекешелендіріп алған болатын.

Қашан де елмен санасып, халықтың мұң-мұқтажын көтеретін кәсіпкер өткен жылы бір тиын ақы алмастан, ғимараттың өзіне тиесілі болған бөлігін мемлекет теңгеріміне өткізуге шешім қабылдапты. Бүгінгі таңда мәдениет үйінің қосалқы бөлігі тұтас жаңғыртылып, кітапхана ретінде пайдалануға берілген.

ADC4CD2B-C7B7-4BC3-9F4D-04E676A82822

-Тоқсаныншы жылдары жекешелендірілген ғимарат бөлігін 2008 жылы иелігіме өткіздім. Бұрын жатақхана ретінде пайдаланылған еді. Нысан аумағы 60 шаршы метр шамасында. Бұған дейін округ орталығында кітапхана болмады. 2021 жылы мәдениет үйі жөнделетінін білген соң, ауыл әкімдігіне ғимаратты қайтаруды ұйғардым, – деді кәсіпкер Алмас Аманғалиев.

Жергілікті азаматтың мәрттігіне аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Жеңісгүл Жаңабаева разы.

-Жыл санап өсіп жатқан Махамбет ауылына кітапхана қажет еді. Осыған дейін жергілікті тұрғындар бұл мәселені бірнеше мәрте көтерді. Ауыл кәсіпкері үлкен-кішіге тамаша сыйлық жасады, ол үшін алғысымыз шексіз, – дейді аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Жеңісгүл Жаңабаева.

Жалпы ауданда рухани орта – кітапханаларды жандандыру ісі жақсы жолға қойылған. Өткен жылы Өркен елді мекеніндегі тозығы жетіп тұрған ескі ғимаратта орналасқан кітапханаға ағымдағы жөндеу жүргізіп, ішінің сәні кірген. Осы күні ол орын ауыл адамдарының бас қосып, жиналатын жеріне айналыпты.

Одан бөлек Көшім ауылының кітапханашысы Жұмағыз Кенжеғұлова өзінің көпқабатты үйдегі пәтерін кітапханаға сыйлаған болатын. Осы кезге дейін көппен бірге үйдің ортақ подъезі арқылы оқырман қабылдап келген кітапханаға тұрғындар тарапынан көп шағым айтылыпты. Соны ескерген орталықтандырылған кітапханалар жүйесі үйдің артқы жағынан қосымша есік жасап, электрлі жылыту қондырғысын да орнатқан. Осы күні шағым азайып, оқырман көбейіпті.

E8F8C3BF-417C-429D-A417-5A927C0F9D36

Сонымен қатар Мичурин ауылдық округіне қарасты Октябрь елді мекенінің кітапханашысы Лариса Могила да ауыл кітапханасын сақтап қалу үшін өзінің ескі үйін кітапханаға лайықтап жасап алғаны көпке үлгі. Соның арқасында ауыл халқы газет-жорналдарды алып, керекті кітаптарын да жаздырады. Ауыл кітапханашысы Лариса Могиланың айтуынша, осы күні кітапхана тек оқу орталығы ғана емес, көпшілік жиналып, бас қосатын жерге айналыпты.

-Бір кездері Октябрь ауылында клуб болды. Кітапхана соның ішінде орналақан-ды. Бірақ 2000 жылы клуб тоналып, қабырғасы да қалмады. 2011 жылға дейін ауылда кітапхана болмады. Содан өзімнің ескі үйімді кітапхана етіп жасақтадым. Он жылдан астам уақыт жемісті еңбек етіп келеміз,-дейді кітапханашы Лариса Могила.

Осы күні Октябрь ауылындағы кітапханадағы оқулық қоры он мыңнан асқан. Балақайларға түрлі кездесулер ұйымдастырылып, ауылды мазалаған мәселелер де осы ғимаратта талқыланады.

Кітапхана – ғасырлар бойы адам баласына рухани байлық сыйлап келе жатқан, ғылым мен білімнің терең сырынан сусындатар мәдени орын. Сонымен бірге парасаттылық пен білімділіктің, байлық пен біліктіліктің киелі ордасы. Осы орданы көзінің қарашығындай сақтап, елді білімге баулып жүрген кітапханашылар мен махамбеттік кәсіпкердің ісі – расымен көпке үлгі.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале