30.09.2021, 17:44
Оқылды: 83

«Рухани жаңғыру» ­- халықтық сананың рухани жетілуі

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы елдік, мемлекеттік, ұлттық дамуымыздың маңызды бағытына айналды. Әсіресе мәдени саланың басты қатарында тұрған музей жұмысында бұл ауқымды көрініс табуда. Осы бағдарлама аясында ауданымыздың тарихи-мәдени саласының бірқатар жұмыстары жүзеге асып, жоспарға жүктелгені де жетерлік. Атап айтқанда, музей ғимаратының өзі 2018 жылы осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолданысқа беріліп, аудан халқы мен меймандарының руханият ордасына айналғанын көріп отырмыз. Аудан аумағындағы б.з.д. VІ-II ғасырларға жататын «прохоровтық мәдениет» ескерткіштері, әлемдік ежелгі ескерткіштер каталогіне кіретін «Көне Сегізсай» қорымдарына да жіті назар аударылып отыр. Қазаққа құтты қоныс іздеген «Ұлы Дала ойшылы» - Асан Қайғы бабамыз желмая мініп, жер шолып «жерұйық» іздеген шағында осы Шыңғырлаудың Торыатбасын қоныс қылғанын да ескі толғау жырлардан тауып, рухани мақтанышымызға айналдырдық. Осы бір ескі жырлардан жеткен көне деректің негізінде аудан орталығында Асан-Қайғы баба ескерткіші бой көтерді.

WhatsApp Image 2021-09-30 at 17.42.25

Осы бағдарлама аясында Ресей, Қазақстан археолог-ғалымдарының басын қосып «Көне Сегізсай» тақырыбында халықаралық симпозиум ұйымдастырылды. Мұның нәтижесінде аудан аумағындағы көне ескерткіштердің бүгінгі жай-күйі және оларды зерттеу мәселелері ортаға салынды. Бүгінгі таңда аудандағы сакралды орындардың тізімі жасақталып, туристік, табиғи-танымдық маршруттар жоспарланған.

Облысымыздағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің басшылығымен көне археологиялық ескерткіштердің зерттеу-қазба жұмыстарын жүргізу туралы меморандумға қол қойылып, нәтижесінде аудан аумағында археологиялық зерттеу экспедициялары жұмыс істей бастады.

Ел ішінен көне жәдігерлер де жинастырылып, музей қорына қосылуда. Музей залдарының бірі-«Рухани жаңғыру» залы аталып, оған ұлттық нақыштағы түрлі көнекөз бұйымдар, тұрмыстық құрал-жабдықтар қойылған. Осы мақаладан туындайтын «Ұлы Даланың жеті қыры» тақырыбы да музей көрмелерінен орын алған.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының міндеттері және нәтижелері күнделікті музей жұмысының жоспарлы шараларында да орын алып келеді. Дәстүрлі өткізілетін «Музей түні» шараларында ұлттық қолөнер, ою-өрнек пен ісмерлік, ұсталық-зергерлік және көшпенділер дүниетанымы хақында көрмелер, дөңгелек үстелдер, музей сағаттары мен сайыс-байқаулар ұйымдастырылып отырады. Ағымдағы жылы өткізілген «Наурыз-дастан», «Наурыз-айтыс», «Жылқы-жігіт қанаты», «Қолөнер-көп өнер», «Қазақтың үні- домбыра», «Ұлт ойыны-ұлы тәрбие» осы рухани дүниетанымыздың тағылымды іс-шаралары деп бағалауға болады.

Жалпы елге ортақ боп отырған карантин жағдайы музей жұмысына да кері әсерін тигізуде. Біріншіден, бұл жағдай келуші-көрермен санының  азаюынан көрініп отыр. Бүгінде музейге келушілер тек алыстан келген ел меймандары немесе ғылыми жұмыстанып жүрген студенттер, оқушылармен ғана шектелуде. Тағы бір себеп, жоспарлы жұмыстарымыздың бірқатары осы карантиндік шектеулерге байланысты тоқтап тұр.

Бүгінгі рухани жаңғыру көші ел тарихының талай беттерін қайта парақтап, тарихи қателіктерді түзеп қайта жазуда. Осындай жұмыстар қатарына  Шыңғырлау жерінде, атап айтқанда Ащысай ауылы аймағында бір күнде атылған 19 молда туралы жаңа деректерді қосуға болады. Нақты деректерге негізделген бұл оқиғаны облысымызға белгілі журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Қазыбек Құттымұратұлы көлемді зерттеу-мақаласында дәлелдеп отыр.

Сондай-ақ, ел тарихында «Ақбұлақ шайқасы» деген атпен белгілі Исатай Тайманұлы қаза тапқан тарихи оқиғаның да Ресей мұрағаттарынан табылған тың деректерге негізделеген жаңа зерттеу-мақала жарық көрді. Авторы батыс өңірге белгілі өлкетанушы, Жәңгірхан атындағы музей меңгерушісі Нұржан Төлепов. Мақалада, аталмыш оқиғаның Шыңғырлау ауданының Ақбұлақ ауылдық округі маңындағы Ақбұлақ өзені бойында орын алғаны дәлелденеді. Бұл зерттеу жұмысы тарихшы-ғалымдар алқасы алдынан өтіп, мақұлданып отырғандығы бұған дейінгі қалыптасқан тарихи түсінікті біраз өзгертері анық.

Әрине, әлі де оқиға орнында болып, нақты талдаулар жасау қажет-ақ. Осындай жұмыстар жоспарда тұрғанымен карантиндік жағдай арнайы білікті топ жасақтап, осы оқиғалар орнында болып, зерттеу жұмыстарын жүргізуге біраз кедергі келтіріп отыр. Ауданымыздың Сегізсай аумағындағы көне қорымдар сонау Сақ-Сармат бабаларымыздан жеткен тарихи ескерткіштер. Бүгінге дейінгі зерттеу нәтижелері бұл қорымдардың элиталық сипатта екендігін анықтап отыр, яғни көне замандағы ата-бабаларымыздың билеушілері осы Шыңғырлау аумағын негізгі мекені еткен десек аса қателесе қоймаймыз. Осы орайда қазіргі шақта осынау ірі және тарихи құндылығы жоғары ескерткіштер тұсына, «Шымкент-Самара» тас жолы бойына көлемді ескерткіш қойылғалы жатыр. Бұл да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатырған шаралардың бірі.

Жоғарыда Шыңғырлау жерінің Асан-Қайғы бабамыздың мекені болғаны туралы айтып өттік. Ендігі жоспар осы ұлы тұлғаның Шыңғырлау жерінен кейінгі қоныстары, желмая мініп «жерұйық» іздеген ізімен жүріп өту, экспедициялық сапар ұйымдастыру да жоспарішіне кірістірілген-тұғын. Алайда, бүгінгі пандемия пәрмені бұл жобаның да кідіріс табуына себеп боп отыр.

«Рухани жаңғыру» - қазақтығыңды тану, ұлттық түсінігің мен тұрмыс-салтыңды, өнеріңді, мәдениетіңді білу, халықтық өміртіршілік тәжірибені меңгеру, рухани сілкіну деп түсінемін. Осы орайда облыс көлеміндегі, басқа аудандарға серіктестік сапар, тәжірибе алмасу сағаттары жоспарланған. Осы бағытта алда да жұмыстар атқарыла бермек.

Т.Қалиев,

Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале