Қаратөбе ауданындағы есепті кездесуден соң облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов «Рухани жаңғыру» аудандық кеңсесіне арнайы соқты.
Онда келген лауазымды тұлғалар Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында аудан әкімінің шешімімен 2017 жылдың қараша айынан бастап жұмыс жасап келе жатқан «Рухани жаңғыру» аудандық кеңсесінің тыныс-тіршілігімен танысты.
Аталмыш кеңсе әкімгері Эльмира Жақсылыққызы бағдарлама аясында аудан бойынша өткен жыл ішінде атқарылған және алдағы уақытта жоспарланып отырған шараларды баяндады.
Өткен жыл ішінде жүзеге асқан жұмыстардың қатарында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Ақтайсай ауылдық округіндегі «Туған жерге тағзым», Аққозы ауылдық округіндегі «Дана жол, дара жол – өзгелерге үлгі жол» жерлестер форумдарын айтуға болады.
«Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша жыл бойына 310 шара жоспарланып отырса, «Өлкетану» базалық жобасы бойынша «Туған өлкенің көрнекті жерлерінен – Қазақстанның қасиетті жерлеріне» туристік-экскурсиялық марафоны, «Менің Отаным – Қазақстан» атты экспедициялық жасақтарының слеті, сондай-ақ, «Отаным – тағдырым», «Саналы азамат» базалық жобалары бойынша да бірнеше шаралар өткізу жоспарда бар.
Ал «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша биыл жоспарланған іс-шараның жалпы саны 56 болса, мұның 7-еуі республикалық, облыстық, қалғаны яғни, 49 шара аудандық деңгейде өткізілмек.
Олар «Спорттық рух», «Мәдени даму», «Жергілікті туризм» базалық бағыттары бойынша жүргізілмек.
Бастысы, «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында меценаттардың демеушілігімен жалпы құны 42 405,0 млн. теңгені құрайтын 40 жоба жүзеге аспақ.
Раушан МЕРГЕНОВА,
Қаратөбе ауданы