8.08.2024, 0:48
Оқылды: 270

Рухты жігіттер Қошанкөлде

Мақаламыздың тақырыбы айтып тұрғандай, тұлпарлар мен айбынды жігіттер сынға түскен дүбірлі дода Казталов ауданының Қошанкөл ауылында өтті.

IMG20240807153559

Ауданымыз бойынша ат спорты мықты дамыған, алдыңғы қатардағы округтің бірі болып саналатын Қошанкөл ауылында ат жалын тартып мінген азаматтар осыдан 11 жыл бұрын ұлттық спортқа бетбұрыс жасаған болатын. Ауылдың жігіттері команда құрып, бәйге, көкпар, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ сынды ұлттық спортты насихаттап, талай мәрте облыстық додаларға қатысқан еді.

IMG20240807164018

Айта кетуіміз керек, Қошанкөлде еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін аттан түспейді. Бұл ауылда нәзік жандылар да ат құлағында ойнайтынына куә болдық. Еліміз бойынша алғашқы жылқыға арналған «Сәйгүлік» музейі де осы ауылда ашылды.

Қасиетті жылқыға мініп, көшпенділер болмысын бойларына сіңірген қошанкөлдік ағайынның ішінен небір сейістер мен шабандоздар да елге танылып үлгерді. Соның бір айғағындай 7 тамыз күні Қошанкөл ауылында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын насихаттауға арналған ұлттық спорт түрлерінен Казталов ауданының ішкі біріншілігі өтті.

IMG20240807160223

Аудандық спорт бөлімі, «Айбын» спорт клубы, Қошанкөл ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен өткен айтулы додада ауданның 16 округінің жылқыға жақын спортшылары шақырылған еді. Тек бір «әттең-ай» дейтіні, Қошанкөл мен Қараоба ауылдық округінің жылқыға мініп, қиқулаған азаматтары ғана жарысқа қатысты. Қалған округтер небір сылтау айтып, сайыстан қалыс қалды.

Жарыстың ашылу салтанатына аудандық спорт бөлімінің басшысы Берік Рахымғалиев, «Айбын» спорт клубының директоры Асхат Нұржанов, Қошанкөл ауылдық округінің әкімі Радж Шарипов қатысып, жылқы баптаған шабандоздарға сәттілік тіледі.

Қошанкөл ауылында өткен доданы ауылдың сыйлы азаматы Аманжол Қажығалиев жүргізсе, ауылдың жылқы десе ішкен асын жерге қоятын азаматтары қолдау білдіріп, төрешілік жасады.

Бірінші кезекте ұлттық ойынымыз теңге ілуден сынға түскен жас спортшылардың ептілігі мен атқа отыру шеберлігі шыңдалды. Атпен шауып өтіп, жерде шашылып жатқан теңгелерді іліп, желмен жарысқандар ішінен Ғалым Жангелді 3 орын, Нұрдәулет Болатов 2 орын, Мәди Еруашев 1 орын алды.

Жамбы ату жарысында 7 шабандоз жарысқа түсіп, батырлардай ат үстінде шауып, садақ тартты. Бұл ұлттық спорт түрімізбен айналысқан жігіттің шабандоздығымен қатар мергендігі де сыналады. Ат үстінде нысананы дәл көздеген Жангелді Ғалым 3 орынды, Айқанат Энгельс 2 орынды жеңіп алса, тақымы қатты Жандәулет Ғалым сұрмерген екенін дәлелдеп, 1 орынға шықты.

Кезекте білек күшін дәлелдеп, қарсыластан айласын асыратын аударыспақ жарысы оздырылды. Аударыспақта сайдың тасындай іріктелген балуандар 70 келіге дейін және 70 келіден жоғары салмақта күш сынасты. «Күш атасын танымас» дегендей, 70 келіге дейінгі салмақта қарсыластарын аттың үстінен аударып тастаған Айқанат Энгельс 3 орынға, Алисұлтан Баянғали 2 орынға, Нұрдәулет Меңдіғұлов 1 орынға ие болды. Дене салмақтары 70 келіден асқан палуандар ішінен Нұрдәлет Болатов 3 жүлдені, Мәди Еруашев 2 жүлдені місе тұтса, барлығынан айласы мен күші басым болған Жанайдар Жайлыбай бас жүлдені қанжығасына байлады.
Жарыстың басты бәсекесі — көкпар басталмас бұрын, тартуға арналған серке алаңға алдырылып, үлкендердің батасы берілді. Бағзы заманда көшпенділерге ортақ ұлттық ойынымызға қатысқан шабандоздардың жауынгерлік өнерлері тайталасқа түсетін. Қошанкөл төрінде батыр бабалардың ұрпақтары жүйрік сәйгүліктерге мініп, серке төшкесін тартқылады. Бойларында күш қуаты тасыған жігіттер әр салым салған сайын жанкүйер болған ауыл халқының арқасы қозып, қиқуға салды. Командалық көкпар нәтижесінде Қошанкөл жастары командасы 1 орын алса, Қошанкөл командасы 2 орынды жеңіп алды. Жарыс көрігі жаппай көкпармен қызып, Қошанкөл даласы салым салуға асыққан білекті жігіттер мен арғымақтардың дүбіріне толды. Көкпарда салым салып, көзге түскен шабандоздарға ауылдың атымтай азаматтары демеушілік жасады.

Аудан біріншілігінің қорытындысы бойынша жүлделі орын алғандар марапаттарға ие болды
Біз аталған дүбірлі додаға қатысып, рухты жігіттердің Қошанкөл ауылында екеніне көз жеткіздік. Себебі, атқа қонып асқақтаған адамның ғана жүрегінде қазақтың рухы оянатыны анық. Рухымыз биік болғай!

Нұр Рахман,

Казталов ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале