ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаев облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловпен бірге Ақжайық ауданының Алғабас ауылдық округіндегі «Сәбит» шаруа қожалығында болды.
Тәжірибелі маман Ерболат Құрмағалиев басқаратын бұл шаруашылықтың ісі республикадағы ауылшаруашылық саласындағы көптеген әріптесіне, мамандарға, ғалымдарға мәлім. Мұнда қазақтың ақбас сиыры, көшім жылқысы және асыл тұқымды «Ақжайық» етті-жүнді қойы өсіріледі. 3 жыл бұрын Е.Құрманғалиев өңірімізде тұңғыш рет етті бағыттағы ірі қара аталықтарын өнімділік және ата тегінің сапасы бойынша бағалап, тексеретін станса ашуға қол жеткізді.
Қазір «Сәбиттің» үш қыстағында 800 бастай ірі қара, 900 жылқы, 2000-нан астам қой қыстатылуда. Селекциялық жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді. Халық қалаулысы және облыс әкімінің бірінші орынбасары саланың облыстық және аудандық буындары өкілдерімен бірге ірі қара аналықтары жас ерекшеліктері бойынша бағылатын алаңдарда, жасанды ұрықтандыру қосынында, аталған стансада болып, еңбек ұжымының тынысымен жан-жақты танысты.
Республикалық семинар-кеңес өтіп тұратын, көптеген жерге асыл тұқымды мал шығаруға қол жеткізген бұл шаруа қожалығындағы тірліктің ғылыми негізде, заманауи технология бойынша ұйымдастырылуын, қажетті жабдықтармен қамтылғанын Ж.Дүйсенбаев жоғары бағалап, шаруалармен пікірлесті.
Бекем БЕКҰЛЫ
Ақжайық ауданы
Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН