11.05.2021, 9:23
Оқылды: 113

Садақа мәзірі реттелді

Орал қаласында БҚО бойынша өкіл имам Мұратбек Қыстаубаев қала, аудан, ауыл имамдарының басын қосып, алқа жиынын өткізді. Онда елордадағы IV республикалық форумда қабылдаған құжаттар кеңінен талқыға салынып, халық арасында насихаттауға тапсырма берілді. 

сс

Соған орай дінтанушы-теолог Тілепберген  Нұрәлиев Жалпақтал мешітінде аудан басшыларын, қоғамдық бірлестіктердің төрағаларын, ауылдың зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, іс-шара ұйымдастырды. Бас имам жаназа және садақадағы дастархан ас мәзірін шариғат шеңберінде, ұлттық-ғұрыптық  салт-дәстүр аясында түсіндіріп, жаназа және садақадағы дастарқанға  қойылатын ас беру тәртібі мен мәзірін, Казталов ауданы бойынша  белгіленгендігін көпшілік назарына ұсынды. Тілепберген Ахмеджанұлы зайырлы елдің қағидаттары бойынша аудан халқына аталған көкейтесті мәселе жөнінен егжей-тегжейлі бағыт-бағдар берді. Әсілі, шариғаттың заңы барлық мұсылман баласына ортақ, оны ешкімнің өзгертуіне хақы жоқ екендігін айтып, Алла Тағаланың орынсыз шығындарды жақсы көрмейтіндігін жеткізді. Алла Тағала «Ағраф» сүресінің 31-аятында: «Жеп-ішіңдер, тек ысырап қылмаңдар!». Ақиқатында, ол Алла ысырап қылушыларды жақсы көрмейді» деп, бәрімізді асты ысырап етуден тыйғандығын баса айтты. Бұдан бұлай Жалпақтал ауылында  қазір жаназа және садақадағы ас мәзірі, марқұмның жетісі, қырқы, жылдық асын мейрамхана және үй-үйлерге әзірленбейді. Дастарқанда санаулы тағамдар қойылады, нан, жеті шелпек, бауырсақ, өрік-мейіз, құрма, қант, сары май, кәмпит-күлше деген сияқты шай дастарқанға аспен қоса бірге алып келінеді де, тағамдар ыдысқа  салынбай шашылып қойылады. Діни пәтуаға сәйкес жаназадағы ас мәзірі тек өз үйінде ғана әзірленеді. Қазаға көңіл  айтып  келгендер, жаназа намазына қатысқан жамағат өз үйінің ауласындағы дастарханнан немесе столдан ауыз тиіп, тарқасады да, қаржылай көмектерін ауладағы арнайы бөлінген ыдысқа салып кетеді. Мақсат діни рәсімдерді шариғат шеңберінде бірізділікке салу, ысырапшылдыққа жол бермеу, орынсыз шығындарды болдырмау. Жергілікті халықтың да көптен күткені осы еді, асыл дініміз бойынша атқарылатын ас мәзірін әркім дұрыс түсініп, үнемшілдікпен бірге ізгілік жолына түсу баршамыздың  міндетіміз.

Жамбыл Жұмарыстанұлы,

Жалпақтал мешітінің баспасөз хатшысы, 

Казталов ауданы

Сурет ser-per.kz сайтынан алынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале