Қазақстанның батыс аймағында миллиондаған гектар жер «Капустин Яр» сынақ полигонына беріліп, Нарын құмындағы елдің еріксіз көшірілгеніне биыл 70 жыл толып отыр. 1952 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Ұмтыл ауыл советіне қарасты Амангелді (12-ауыл) ұжымшарының тұрғындары Казталов ауданының Қараоба ауылына еріксіз көшірілген.
Осыған орай 22 қазан Қараоба ауылдық округінде адамзатқа аждаһа уын сепкен «Капустин Яр» әскери сынақ алаңына жер беріліп, Нарын құмнан Қараоба ауылына көшіп келгендерді еске алу және сол тарихи оқиғаларды бүгінгі ұрпақтың санасында сіңдіру мақсатында «Сағындырған сағым құм» атты аудандық тарихи-тағылымдық конференция өтті.
Конференцияға келген қонақтар мен депортацияға ұшырағандардың ұрпақтарына Қараоба ауылдық округінің әкімі Жалғас Сүндетов: «Қош келдіңіздер!» айтып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Конференция жұмысы басталмас бұрын Қараоба мәдениет үйінің алдында жаңадан жасақталған «Тарихқа тағзым» атты аллеяның ашылу салтанаты өтіп, лентасы қиылды.
Қонақтар «Тарихқа тағзым» аллеясында тал-теректер отырғызып, естелік суретке түсті.
Конференцияға Казталов ауданының әкімі Рүстем Зұлқашев, «Казталов және Жәнібек аудандарының құрметті азаматы», еңбек ардагері Нәсіпқали Иманғалиұлы, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева, «Egemen Qazaqstan» газетінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы, Жаңақала ауданының өлкетанушылар қоғамының мүшес Тыныштық Өтешқалиев, «Ы.Алтынсарин атындағы» төсбелгі иегері, тарихшы, жергілікті өлкетанушы Рысты Қайсағалиева, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары, еңбек ардагерлері, Жаңақала ауданынан арнайы шақырулы қонақтар, мекеме, бөлім басшылары, көршілес ауылдық округ әкімдері, өлкетанушылар,12-ауылдың еріксіз көшірілген халқының ұрпақтары, ауыл тұрғындары қатысты.
Конференцияның негізгі мақсаты — 2022 жылдың сәуір-қазан айлары аралығында Қараоба ауылында атқарылған жұмыстарды қорытындылау, ата-бабаларының сол зобалаң кездердегі басынан өткен қиындықтарды зерттей отырып, ұрпақтар арасындағы сабақтастығы арқылы мақсат-міндеттерді және бағыт-бағдарды айқындау болды.
Конференция спикерлері қатысушыларға сол қиын жылдардан сыр шертетін, тарихи деректерге толы мәліметтер айтты. Спикерлер қозғаған тақырыптарға тоқталар болсақ, Бақтылы Сансызбайқызы «Қазақ депортациясы» атты өзі жазған кітабынан тың мағлұматтармен бөлісті. – Осы бір қасіретті оқиғаны зерттеуіме кездейсоқ бір жағдай себеп болды. 2006 жылы әкем дүниеден өткен соң оның қобдишасын ақтарып отырып, қалың көк дәптерге көзім түсті. Ол дәптер әкемнің жездесі Қадеш Иманғалиұлының өлеңдер жинағы болып шықты. Ішінде «1952 жылы Ордадан көшкендегі жазғаным» деген ұзақ өлең бар. Бұл өлеңді оқып, сол кезде туған жерінен еріксіз көшкен елдің жан күйзелісін түсіндім. Өлеңде әкемнің де тағдыры жазылған. Содан кейін ғана облыстық архивке барып, бұл қасіретті тақырыпты зерттеу жұмысына кірістім, – деп ағынан жарылды Бақтылы Сансызбайқызы.
Конференцияда сөз алған жерлесіміз Нәсіпқали Иманғалиұлы «Адамзат арманы үшін құрбандыққа шалынып, көшірілген ел» тақырыбындағы зерттеу нәтижесімен бөліссе, Жаңақала ауданынан арнайы келген Тыныштық Өтешқалиев «Жаңақала — жерұйық атамекен» тақырыбында баяндама оқыды. Сонымен бірге қараобалық өлкетанушы Рысты Жүнісқызы «Қырғи қабақ соғыстың құрбандары» шағын кітапшасы негізінде тарихи мәліметтер туралы әңгімеледі.
Конференция отырысы түйінделіп, арнайы қарар қабылданды.
Шара соңында сөз алған Казталов ауданының әкімі Рүстем Зұлқашев: - Осыдан 70 жыл бұрын зорлықпен туған жерінен көшірілген елдің тарихы ешқашан ұмытылмақ емес. Бүгінгі өткен конференцияны сол жұмыстың бастамасы, айғағы деп білеміз. Біздің болашақ ұрпаққа мұндай қиын тағдырды тілемейміз! Аталардың қилы да қиын өмірі ұрпақтарымызға үлкен сабақ және ұмытылмас тарих болып санасына сіңеді, - деген тілегін білдіре отырып, осы бір шараның өтуіне мұрындық болған ауылдың бір топ азаматтарына алғысхаттар табыстады. Сонымен қатар округ әкімі Жалғас Мақсотұлы сол зұлмат жылдарды көзімен көріп, басынан кешірген ақсақалдардың иығына шапан жапты.
Конференция соңында жиналған көпшілік С.Садықов атындағы мәдени демалыс орталығының жас актерлері дайындаған «Сағындырған сағым құм» атты тарихи көріністі тамашалап, көздеріне жас алды.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы
--
Отправлено из Mail.ru для Android