Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Бөкей Ордасы ауданының орталығы Сайқында сегіз отбасы қоныс тойын тойлады.
Өз сөзінде аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов тұрғындарды баспанамен қамту ісі жолға қойылғанымен, әлі де үйге мұқтаж жандар барын жасырмады. Осы мәселені шешу бағытында жергілікті бюджеттен 8 млн. теңге қаржы қаралып, темір жолдың батыс бетіндегі Қ.Сағырбаев көшесіндегі бос ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, сегіз пәтер иелерін тапты.
Жылыту жүйесі жүргізіліп, табиғи газға, орталықтандырылған су құбырына қосылған, бір сөзбен айтқанда, барлық инфрақұрылым жүйесімен қамтылған бұл нысанға жөндеуді жергілікті мердігер Қуаныш Шәріпқалиев жүргізіпті.
Айта кетелік, бүгінгі таңда аудан бойынша 187 адам тұрғын үй кезегіне тіркелген. Жыл басынан бері бір пәтерлік он және төрт, алты пәтерлік екі үй салынса, оларға 20 отбасы қоныстанған. Енді, міне, бүгінгі қуаныш иелерін қосқанда олардың саны жиырма сегізге жетіп отыр.
Раушан БАҚЫТОВА
Бөкей ордасы ауданы