20-30 маусым күндері Қарағанды қаласында тоғызқұмалақтан 9,11,13 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының жекелей чемпионаты өткен болатын. Бұл чемпионатқа барлық өңірден іріктеуден өткен 400-ден аса жасөспірім спортшылар қатысты.
Ел чемпионатында Батыс Қазақстан облысының сапында өнер көрсеткен ауданымыздың жас спортшысы Саида Тудахунова жарыстың рапид бағдарламасы бойынша 11 жас қыздар арасында чемпион атанып, облыс жұртшылығын қуанышқа кенелтті. Жалпы, облыс атынан барған спортшылар чемпионатта 8 медаль алып, 18 команданың ішінен VIII орынға тұрақтаса, командадағы жалғыз алтын медаль біздің мақтанышымыз Саидаға тиесілі.
Қарсыластарын сан соқтырып, жеңімпаз атанған Саида қызымыз келесі күні жарыстың блиц бағдарламасына қатысып қола жүлдені жеңіп алды.
Бір жарыстан қос медаль алған жас спортшы осылайша ел чемпионатының екі дүркін жеңімпазы атанды. Чемпионаттың жабылу салтанатында Саиданың бапкері, оқытушы-жаттықтырушы Сайлан Матылов Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасы Ербол Мырзабосыновтің тоғызқұмалақтан 11 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатында жеңімпаз спортшы тәрбиелегені үшін арнайы дипломымен марапатталды.
Айта кетейік, жаттықтырушы Сайлан Арматұлы шәкірттерінің маусым айындағы екінші жетістігі еді. Бұған дейін 10-17 маусым күндері аралығында Түркістан қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында облыс сапында өнер көрсеткен жас спортшы Азария Хамидуллина да чемпион атанған болатын. Азарияда осымен екінші мәрте ел чемпионы атанды.
Қос спортшы да аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz