Дүниежүзілік сайлау күніне орай Шыңғырлау ауданының аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен аудан жастары мен колледж студенттері арасында «Сайлау және сана» тақырыбында танымдық кездесу өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жастардың сайлау жүйесі туралы білімін кеңейту, азаматтық жауапкершілік пен сайлау мәдениетін қалыптастыру.

Кездесудің күн тәртібіне сәйкес алғашқы болып Шыңғырлау аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Қалиев баяндама жасады. Ол өз сөзінде Тәуелсіз Қазақстанның сайлау жүйесінің қалыптасу тарихына, даму кезеңдеріне кеңінен тоқталып, қазіргі сайлау заңнамасындағы негізгі талаптар мен қағидаларды түсіндірді. Сондай-ақ, сайлаудың әділ әрі ашық өтуі – құқықтық мемлекеттің маңызды көрсеткіші екенін атап өтті.
Екінші мәселе бойынша №426 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Хамидолла Ислямкулов сөз сөйлеп, учаскелік сайлау комиссияларының қызметі, сайлау барысындағы құзыреттері мен өкілеттіліктері туралы жан-жақты ақпарат берді. Ол сайлау процесіндегі әрбір комиссия мүшесінің жауапкершілігі мен заң талаптарын сақтау маңыздылығына ерекше назар аударды.
Кездесудің үшінші бөлігінде Шыңғырлау аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрлыбек Қайыржанов студенттік Парламент Президенті сайлауының маңыздылығы, сондай-ақ оқушылар мен студенттер арасында сайлау мәдениетін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ол жастардың өзін-өзі басқару жүйесіне қатысуы көшбасшылық қабілеттерін дамытуға және азаматтық белсенділікті қалыптастыруға үлкен ықпал ететінін атап өтті.
Кездесу барысында сөз алған «AMANAT» партиясы Шыңғырлау аудандық филиалының төрағасы Азамат Таганиязов жастарға арнаған сөзінде сайлаудың ел өміріндегі маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, сайлау – бұл тек дауыс беру рәсімі ғана емес, әрбір азаматтың ел тағдырына деген жауапкершілігін көрсететін маңызды демократиялық институт.
– Сайлау – саналы қоғамның таңдауы. Жастардың саяси сауаттылығы мен белсенділігі артқан сайын, еліміздің демократиялық дамуы да нығая түседі. Бүгінгі жастар – ертеңгі ел басқаруға араласатын азаматтар. Сондықтан олардың сайлау жүйесін түсінуі, өз құқықтары мен міндеттерін білуі аса маңызды, – деді ол.
Азамат Құлымжанұлы жастарды қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуға, өз көзқарасын ашық білдіруге және әділ, заңды сайлаудың дамуына үлес қосуға шақырды. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі – жастарды қолдау, олардың бастамаларына жол ашу екенін атап өтті.
Іс-шара барысында жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сайлау жүйесі мен қоғамдық белсенділік тақырыбында пікір алмасты.Кездесу қорытындысында Шыңғырлау аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Қалиев сайлау заңнамасын мүлтіксіз сақтай отырып, қоғамдық сенімді нығайту жолындағы табанды еңбектері мен белсенді ұстанымдары үшін "Жас сайлаушылар клубының төрағасы Н.Қайыржановты және колледж студенттерімен жұмыстағы белсенділігі үшін Э.Багиджанованы марапаттады. Сонымен қатар облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламановтың атынан ауыл әкімінің сайлауын өткізудегі жауапкершіліктері үшін 399 сайлау учаскесіне және 426 сайлау учаскесінің хатшысы Юлия Казбановаға,420 сайлау учаскесінің мүшесі Нина Ромашқа алғыс хат тапсырылды.

Мұндай кездесулер жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттырып, олардың ел болашағына деген жауапкершілігін нығайтуға септігін тигізеді.
Светлана Байтенова,
Шыңғырлау ауданы