31.01.2024, 17:45
Оқылды: 86

 «Сайлау – еліміздің жарқын болашағы»

Дүниежүзілік сайлау күніне байланысты Жәнібек аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жарқын Хайырлиевпен ауданданымыздағы сайлау жұмысы туралы әңгіме өрбіткен едік. Келелі іске қатысты тұшымды ойлар айтылып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

IMG-20240126-WA0083

-Жарқын Ғинатұлы, дүниежүзілік сайлау күніне орай өзіңізден сұхбат алуды жөн көрдік. Жалпы осы атаулы күн туралы ашып айта кетсеңіз?

-2005 жылы Будапештте өткен сайлау конференциясында қабылданған маңызды шешімдердің бірі – Дүниежүзілік сайлау күнін бекіту болатын. Содан бері жыл сайын ақпанның алғашқы бейсенбісінде барлық елде кәсіби мереке ретінде құрылған Дүниежүзілік сайлау күні аталып өтеді. Дүниежүзілік сайлау күнін атап өту дәстүрі Еуропа елдерінің сайлауын ұйымдастырушылар қауымдастығымен басталған, ал Қазақстан Республикасы оның толық құқылы мүшесі. Дүниежүзілік сайлау күнін белгілеу арқылы қоғам санасында демократияландыру процесін жүйелеу, сайлау процесіндегі жетістіктер туралы халықты хабардар ету және сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға бейімділікті қалыптастыру. Еліміздегі өткен сайлау процестері аудан тұрғындарының сайлау және сайлану құқығын іске асыруға бағытталған. Сайлауды ұйымдастыру және өткізу саласының мамандары азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мен тұрғындардың сайлауға белсенді қатысуын көздейді.

-Енді аудандағы сайлау комиссияларының құрылымына тоқталсаңыз?

-Ауданда құрылған 1 аумақтық, 10 округтік, 19 учаскелік сайлау комиссиясы қалыпты жұмыс жасап келеді. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының құрамы 7 адамнан құралған.

Негізгі міндеттері әкімшілік-аумақтық аумағында сайлау туралы заңдардың атқарылуына бақылауды жүзеге асыру ғой. Сондай-ақ, төмен тұрған округтік және учаскелік сайлау комиссияларының құрамына басшылық жасау. Президентті, Парламенттің және мәслихаттардың депутаттарын, әкімдерді сайлауды әзірлеу мен өткізуді қамтамасыз ету. Сайлау туралы заңнаманы түсіндіру, сайлау процессіне қатысушаларды оқытуды ұйымдастыру жұмысын жүргізеді. Ал 10 округтік сайлау комиссиясының құрамы 50 адамнан тұрады және ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихаттарының депутаттарын сайлауды өткізуді ұйымдастырады. Құрамы 105 адамнан тұратын 19 учаскелік сайлау комиссиясының міндеттері тиісті сайлау учаскелерінде, Президентті, Парламенттің және мәслихаттардың депутаттарын, әкімдерді және өзге де өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жөніндегі сайлау шараларын жүргізеді.

Сайлау комиссияларының орналасқан ғимараттары жөнінде және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қандай жағдай жасалғаны туралы бөліссеңіз?

         -19 сайлау учаскесінің бесеуі аудан орталығында, сегізі ауылдық округтерінің орталығында, алтауы шағын елді мекендерде орналасқан. Орындарға тоқталсақ, жетеуі білім беру ұйымдарында, сегізі мәдениет үйлерінде, біреуі М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінде,  біреуі аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде, біреуі медициналық пунктінде, енді біреуі ауылдық кітапхана ғимаратында орналасқан. Барлық ғимарат қанағаттанарлық жағдайда және бірінші қабаттарда орналасқан. Барлығы да мемлекет меншігінде. 11 сайлау учаскесінде (58,0 %) пандус бар, оның 11-і (100,0 %) де ҚНжЕ-ге (Құрылыс нормалары және ережелеріне ) сәйкес. Қалған учаскелердің табалдырықтары төмен орналасқан, кресло, арба кіргізуге қолайлы жағдай жасалған. Екі участекте арнайы тактилді тақта төселген, қалған участектерге сайлау күні уақытша сары жолақтар төселеді. Барлық сайлау учаскесінің дауыс беру кабиналары жаңартылған, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы бөлек кабиналар орнатылады.

- Жарқын Ғинатұлы, қазіргі таңда жергілікті деңгейде әкімдерді сайлау үрдісі қалай жүзеге асуда?

-Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жергілікті жерде әкімдерді халық өзі таңдап, сайлау қажет екендігі туралы бастама көтерген болатын. Сол бағытта «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына  енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты тікелей сайлау бойынша 2021 жылы Ақоба және Күйгенкөл ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы өтсе,  2022 жылы Борсы, Жақсыбай, Тау ауылдық округтері әкімдерінің сайлаулары ұйымдастырылып, ауыл халқы өз таңдауларын жасады. Сондай-ақ 2023 жылы Жәнібек, Ұзынкөл ауылдық округтерінің әкімдерін сайлау өткізілсе, биыл Күйгенкөл ауылдық округі әкімінің кезектен тыс сайлауы (03.03.2024ж), өкілеттік мерзімдерінің аяқталуына орай Қамысты, Талов ауылдық округі әкімдерінің сайлаулары өтеді деп жоспарлануда.

Аудан тұрғындарын алдағы өтетін сайлауларда жалпыға бірдей сайлау құқығын жүзеге асырып, дұрыс таңдау жасап, өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіреді деп сенемін.

Сайлау – еліміздің жарқын болашағы. Жарқын болашақ туралы пікіріңізге, нақты ақпараттар мен ұсыныстарыңызға бек рахмет!

Сұхбаттасқан Ақтілек Әлібекұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале