31.01.2025, 10:45
Оқылды: 233

Сайлау - маңызды науқан

Жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде барлық елде Дүниежүзілік сайлау күні атап өтіледі.

WhatsApp Image 2025-01-31 at 11.42.33

Бұл күні  аудан көлемінде азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау жүйесіне қоғамның назарын аудару үшін көптеген іс шаралар ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, сайлау жүйесі жастар саясатына үлкен көңіл бөлуде. Оған 2024 жылдың қыркүйек айында ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Мәжитұлы Әбдіровтың  Батыс Қазақстан облысының жастарымен Тасқала ауданында арнайы кездескені дәлел. Ал, 2023 жылы БҚО аумақтық сайлау комиссиясының бастамасымен жастар және  қоғам белсенділері мен бизнес өкілдері арасында бірнеше маңызды кездесулер ұйымдастырылып, сайлау реформаларына қатысты сұрақтар мен ой-пікірлерін ортаға салған болатын.

Сонымен қатар,  оқушылар арасындағы Қазақстан Республикасының сайлау тарихы  тақырыбында тәрбие сағаттары, колледж студентеріне арналған «Сайлау – маңызды науқан» атты ақпараттық сағат пен кездесулер, «Жас сайлаушы клубының» форумы,  жастар арасында QUIZ интелектуалдық ойыны мен сайыстар ұйымдастырылды.

«Ашық есік күні» акция аясында газет оқырмандарын жалпы сайлау жүйесіндегі жаңалықтарымен және атқарылған жұмыстарымен таныстырып кетейін.

Сайлау науқаны кезінде Тасқала ауданы бойынша  барлығы 34 сайлау комиссиясы жұмыс істейді, оның ішінде 1 аудандық аумақтық, 22 учаскелік және 12 округтік сайлау комиссиясы бар.

Сайлау учаскелері қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Мүгедектігі бар адамдар үшін пандус, қызметкерлерді шақыру түймесі, тактильді тақтайшалар мен аудиожазбалар сияқты арнайы құралдар қарастырылған. Сондай-ақ, дауыс беру күндері аудан орталығында қоғамдық маршруттар мен инватакси қызметтері ұйымдастырылып, мүгедектігі бар азаматтар үшін арнайы қолдау көрсетіледі.

Сайлаушылардың деректерін нақтылау үшін CALL орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ, сайлау туралы ақпараттар, билбордтар, баннерлер және плакаттар арқылы таратылады, ал Beeline ұялы байланыс операторы мен «BQOsailau» телеграм-каналы арқылы SMS хабарламалар жіберіледі.

Ақпараттандыру  мақсатында материалдар Тасқала ауданы әкімдігінің ресми сайтында, аудандық «Екпін» газетінде және Тасқала аудандық АСК Facebook парақшасында жарияланып келеді.

Одан бөлек, комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру мақсатында оқу семинарлары тұрақты түрде ұйымдастырылады. Оқу барысында сайлау процесін ұйымдастыру, дауыс беруге арналған үй-жайды жабдықтау, байқаушылармен жұмыс және сайлау күні учаскелік сайлау комиссияларының нақты жұмыс алгоритмдері қарастырылған.

2019-2024 жылдар аралығында ҚР Президентінің, ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының, аудан және ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтті. Бүгінгі таңда 9 ауылдық округтің 7-уі тікелей халықтың дауыс беруімен сайланып, қызмет атқаруда. Ауыл әкім лауазымына кандидаттар арасында пікірсайыстар ұйымдастыру дәстүрлі түрде өтіп келеді. Бұл шара үгіт-насихат жұмыстары мен сайлаушыларды ақпараттандыруда тиімді құралға айналды.

Ия, сайлау – әр азаматтың өз пікірін білдіріп, еліміздің болашағына үлес қосатын маңызды құқық. Демократияның негізі болып табылатын сайлау арқылы халық билікті таңдауда белсенді түрде қатысып, қоғамның даму бағытын анықтайды. Әрбір дауыс маңызды, сондықтан әр азамат сайлауға қатысып, өз елінің жарқын болашағы үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. Тек осылай ғана біз әділ, ашық және дамыған қоғам құра аламыз.

 

Д.Баишева,

 Тасқала ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале