Ел Президентін сайлау қарсаңында Бөкей ордасы ауданына ақпараттық топ ат басын бұрды. Атап айтқанда, жерлестеріміз, ақын Ғайсағали Сейтақ пен «Батыс Қазақстан туристік қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Айболат Құрымбаев алдымен Бисен ауылындағы мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен жүздесіп, Сайқында аудандық аурухана ұжымымен кездесу өткізді.
̶ Кезектен тыс Президент сайлауының өтуіне төрт-бес күн қалды. Бұл – ең алдымен еліміздің болашағына үлкен үміт артар жұртшылық үшін үлкен мүмкіндік және маңызды күн. Бұл сайлаудың бір ерекшелігі, енді Президенттің өкілеттік мерзімі 7 жыл болады. Сайлау – халық пен билік арасындағы көпір тәріздес. Алдағы саяси науқан елімзді одан әрі дамытуға жасалған маңызды қадам. Бұл қадам – көпшілік дауысымен шешілетіні анық. Алдағы сайлаудан барлығымыздың күтетініміз – елдің ертеңгі болашағы. Сондықтан бұл саяси науқаннан тыс қалмайық. Себебі, әрбір адамның дауысы өте маңызды. Барша жерлестерімді өз Конституциялық құқығын пайдаланып, дауыс беруге шақырамын. Дамудың даңғыл жолы үшін әр азамат болашақты таңдау құқығынан қалыс қалмауы қажет. Қазіргі қоғам белсенді. Халық елде болып жатқан процестерге қызығушылық танытады. Заңдағы өзгерістерді де, қоғамдағы игілікті істерді жақсы білесіз. Жалақыларыңыз жылдан -жылға артып, алдыңғы шепте жүретін еңбектеріңіз әр кез елеулі. Алыстағы ауылдарға дейін ауыз су мен көгілдір отын жетіп, елдің еңсесі күннен-күнге тіктеліп келеді. Біз үшін тек әлеуметтік жағдайымыз ғана маңызды емес, келешегіміздің кемел, болашағымыздың жарқын болуы одан да маңызды. Сондықтан алдағы шарада да еліміз бірлігін танытып, өз таңдауын жасайды деп күтеміз, ̶ деді Ғайсағали Сейтақ.
̶ 20 қарашада өтетін Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауының маңызы зор. Өйткені еліміздің болашағын айқындар, ел тұтқасын ұстап, мемлекетімізді одан әрі дамытатын тұлғаны тұтас қоғам бірге анықтаса, еліміздің әрбір азаматының белсенділігі көрінсе ғана еліміз алға дамиды. Бұл тек Президентті ғана таңдау емес, ел болашағы үшін жасалатын маңызды қадам. Сол себепті сайлауға қатысып, жауапкершілік таныту – әр азаматтың құқығы мен парызы. Сайлауда әрбір азамат өз шешімінің, өз дауысының маңыздылығын түсінсе, бұл науқанның да маңызы арта түспек. Сайлау – өзгерістер мен реформалардың бастауы болмақ. Сайлауға қатысу арқылы президентті ғана таңдап қоймаймыз, бұл біздің келісті келешегімізге жасаған нақты қадамымыз болып есептеледі. Сондықтан саяси маңызы зор шараға қатысып, лайықты таңдау жасау әрбір азаматымыздың құқығы әрі парызы, ̶ деді Айболат Құрымбаев өз кезегінде.
Аудандық аурухана басшысы Анарбек Белисанов қонақтарға «қош келдіңіз!» айтып, қай-қай істе де бір үйдің баласындай ұйымшылдығын көрсетіп жүрген ұжымының бұл науқанда да бір кісідей, дұрыс таңдауларын жасайтынын айтып, сенім білдірді.
Ақпараттық топ түсінік жұмыстарын Орда орман шаруашылығының ұжымында жалғастырды.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz