Осыдан бір ай бұрын, 20 қарашада елімізде өткен Қазақстан Республикасы Президентін кезектен тыс сайлауы елдегі маңызды шаралардың бірі болды. Сайлаушылардың 81,31%-ы дауыс беріп, халық таңдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел алдында ант беріп, Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды.
15 желтоқсан күні Теректі ауданы бойынша жұмыс жасаған аумақтық аудандық және сайлау учаскелері комиссияларының мүшелері Достық үйінде «2022 жылғы 20 қарашада өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының қорытындысы туралы» семинарға жиналып, атқарған жұмысының нәтижесін сараптады.
Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Күнсәуле Аралбекова, Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Асқар Жанибеков арнайы келген семинар жұмысына Теректі ауданы әкімінің орынбасары Дамир Гумаров та қатысты.
Жиынға төрағалық еткен Теректі аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Болат Кенжеғұловтың кіріспе сөзінен соң семинар тақырыбына сай Күнсәуле Аралбекова баяндама жасады.
Ауқымды науқанның нәтижелері мен пысықтайтын жерлері туралы ой бөліскен семинарда Теректі ауданы әкімінің орынбасары Дамир Гумаров аудандағы сайлауға дайындық, ұйымдастыру кезеңдері жайлы айтып өтті.
Семинар жұмысы салтанатты марапаттауға ұласты.
К.Аралбекова мен А.Жанибеков сайлауда белсенді қызмет еткен бір топ теректіліктерге Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының және Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының «Алғыс хаттарын» табыстады.
Тәуелсіздік мерекесі қарасаңда ұйымдастырылған семинар концерттік бағдарламамен тәмамдалды.
Тамара Жұмат,
Теректі ауданы