Бөкей ордасы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Біржан Меңешовтың төрағалығымен аудан бойынша барлық учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің басын қосқан жиын өтті.
Жиынның күн тәртібіндегі жалғыз бір мәселе қаралды. Ол - 5 қарашада болатын аудан әкімінің сайлауы.
- Бұған дейін де талай мәрте айтылды. Пилоттық жоба ретінде үш ауданда әкім сайлауы өткелі отыр. Дәл қазір осы науқанның бақылаушысы да, сыншысы да көп. Міндеттерімізге асқан жауапкершілікпен қарап, сындарлы сәтте сүрінбей өтейік, - деген Біржан Меңешов сайлаудың ұйымдастырылу науқанына атсалысқан округ әкімдеріне, комиссия мүшелеріне алғысын да білдірді.
Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұркен Сабиров сайлау туралы заңнама талаптары мен алгоритмін бір пысықтап алып, орын алуы ықтимал жағдаяттардан мысал келтіріп, тосылып қалмау керек үшін бес саусағындай білу керек заң талаптарын еске түсіріп өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов сайлау күні атқарылатын іс-шаралар легімен таныстырып шықты. Жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берілді.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz