Әлем елдерінде жыл сайын ақпан айының алғашқы бейсенбісін Дүниежүзілік сайлау күні ретінде атап өту 2005 жылы Еуропа елдерінің сайлауын ұйымдастырушылар қауымдастығының бастамасымен басталды және оны БҰҰ қолдады.
Осылайша бұл күнді ұйымдастырушылар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процестерін жетілдіру мәселесіне көпшіліктің назарын аударуға тырысты. Еуропа елдерінің сайлауалды ұйымдастырушы қауымдастығының толыққанды мүшесі ретінде аталған саясаттан Қазақстан да тыс қалмай осы шараны өткізуді дәстүрге айналдырып келеді.
Қазақстандағы сайлау республика азаматының өзінің сайлау және сайлану құқықтарын еркін жүзеге асыруға негізделген. Президентті, Мәжіліс және мәслихат депутаттарын, аудан, қала, ауыл әкімдерін және жергілікті езін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлау дауыс берудің құпиялылығы сақталып, жалпыға бірдей төте сайлау құқығы негізінде өткізіледі. Республика азаматтарының сайлауға қатысуы ерікті.
Бұл күннің маңыздылығы неде? Біріншіден – демократиялық сайлаудың маңыздылығын көрсету және сайлаушыларға жеткізу. Екіншіден – барлық сайлаушылардың, соның ішінде жастардың белсенділігін арттырып, баянды болашаққа деген сенімді қалыптастыру.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ел игілігі үшін елімізде саяси реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Осы реформалардың бастауы, әрине, түрлі деңгейдегі сайлаулар мен республикалық референдумдар арқылы жүргізілуде.
Қазақстанда жаңа сайлау жүйесінің еңгізілуі қоғамның саяси жүйесін одан әрі демократияландыруға едәуір ықпалын тигізді. Тікелей және өздері сайлаған өкілдер арқылы халық ел басқару ісіне қатыса алады. 2021 жылы елімізде тұңғыш рет ауыл әкімдері тікелей сайланып, тұрғындардың бел-сенділігімен есте қалған еді.
Казталов ауданы бойынша да осы кезге дейін 15 округте ауыл әкімдері халықпен тікелей сайланды. Жаңа форматта ұйымдастырылған саяси науқан тиімділігін дәлелдеді. Таңдау тұрғындардың өзіне берілсе, кез келген тұрғын өз ауылының болашағына бей-жай қарамайтыны анық, көпшіліктің күткені де сол. Бұған дейін ауыл әкімін халықтың өкілі болып саналатын жергілікті мәслихат депутаттары сайласа, енді жұртшылық елге басшылық етуге лайық азаматты өзі таңдап алатын болды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес биылғы жылдан бастап аудан әкімдерін де халық тікелей сайлайтын болады. Аудан жұртшылығы да бұл реформа дұрыс әрі дер кезінде іске асқан ұтымды шешім деп есептейді.
Қоғамдағы кемшілік пен олқылық көптің көмегімен, таңдауымен түзеледі емес пе?! Қазақ елінің жағдайын сырттан келіп біреулер жөндеп бермейтіні бесенеден белгілі. Елдік мәселе де көптің ұсынысымен, кез келген деңгейдегі сайлауға барып, өз таңдауын жасаумен шешілетіні анық. Демократиялық сайлау мен елдік мәселені ойлау бір-бірімен тығыз байланысты. Ендеше, сайлауда дауыс беру – әр азаматтың міндеті. Ал азаматтары немқұрайдылық танытқан қоғамның тасы өрге домаламайтыны айдан анық. Өсетін елдің азаматтары сайлауда өз таңдауын жасайтыны сөзсіз.
Сайып келгенде, елдің тағдыры шешілетін маңызды науқан туралы әр тұрғынның өзіндік пікірі бар. Ендігі жерде сайлаушылардың белсенділігін арттырып, баянды болашаққа деген сенімді қалыптастыру маңызды.
Ж.Темірғалиев,
Казталов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы