4.02.2026, 17:15
Оқылды: 13

Сайлау жүйесі: заңдылық, ашықтық және сенім

Дүниежүзілік сайлау күні – демократиялық құндылықтарды дәріптеп, азаматтардың сайлау құқықтарын қорғаудың маңыздылығын айқындайтын халықаралық күн. Бұл бастама 2005 жылы Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығының шешімімен қабылданып, жыл сайын ақпан айының бірінші бейсенбісінде атап өтіледі.

Қаржауов

Аталған күн қоғамға сайлаудың тек рәсім емес, азамат пен мемлекет арасындағы сенімге негізделген маңызды институт екенін тағы бір мәрте еске салады. Осы орайда Қазақстан Республикасында сайлауды халықаралық стандарттарға сай өткізу, ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету сайлау комиссиялары қызметінің өзегіне айналған. ҚР Орталық сайлау комиссиясы айқындаған «Электоралдық принциптер – сайлаушы сенімінің негізі» тақырыбы дәл осы міндеттермен үндес. Бөрлі ауданының аумақтық сайлау комиссиясы өз жұмысында бұл қағидаттарды нақты істер арқылы жүзеге асыруды басты басымдық ретінде қарастырады. Комиссия қызметінің әрбір кезеңі – сайлауды тағайындаудан бастап қорытындысын жариялауға дейін – сайлаушылардың еркін білдіру құқығын толық қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл бағыт Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырыстарында айтқан бастамаларымен де сабақтас. Президент азаматтардың саяси мәдениетін арттыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту және халықтың шешім қабылдау үдерістеріне белсенді қатысу қажеттігін атап өткен. Аталған міндеттерді жүзеге асыру жергілікті сайлау органдарының күнделікті жұмысына тікелей байланысты. Осыған орай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы қоғаммен жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Әсіресе ауылдық округтерде сайлау белсенділігін арттыру мен тұрғындардың құқықтық сауаттылығын көтеру – комиссияның маңызды бағыттарының бірі.

Аудан аумағында сайлау процесін ұйымдастыру нақты құрылым арқылы жүзеге асырылады. Мұнда 1 аудандық аумақтық, 13 аудандық округтік, 1 облыстық және 33 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Сайлау науқандары кезінде комиссияларда барлығы 286 мүше еңбек етеді. Бұл – үдерістің барлық кезеңінде заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ететін маңызды ресурс. Осы құрылымның тиімді жұмысының нәтижесінде 2025 жылы Ақсай, Пугачев, Бөрлі, Ақсу, Қанай, Қарақұдық, Қарағанды, Кеңтүбек, Достық ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы ұйымдастырылды. Сайлау барысында 23 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істеп, науқан Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Конституциялық заңына толық сәйкес өткізілді. Сайлаушылардың қатысу деңгейі 40–50 пайыз аралығында болып, тұрғындардың сайлауға деген қызығушылығы мен жауапкершілігін көрсетті.

Сайлаушы сенімін нығайтуда жастармен жұмыс ерекше орын алады. Өйткені электоралдық мәдениет ең алдымен жас буынның көзқарасы арқылы қалыптасады. Осы мақсатта Бөрлі ауданының аумақтық сайлау комиссиясының жанынан жас сайлаушылар клубы құрылды. Клуб жастарды сайлау заңнамасымен таныстырып қана қоймай, оларды қоғамдық пікірталасқа қатысуға, өз көзқарасын еркін білдіруге және азаматтық жауапкершілікті сезінуге баулиды. Бөрлі ауданының жас сайлаушылар клубын төраға Толқын Хадышова басқарады. Клуб құрамында 18 бен 35 жас аралығындағы 11 белсенді жас бар. Әртүрлі салада еңбек етіп жүрген бұл жастарды біріктіретін ортақ мақсат – әділ сайлау қағидаттарын түсініп, оны өз ортасында насихаттау. Клуб мүшелері ақпараттық-түсіндіру кездесулеріне, пікірталастарға және сайлау тақырыбындағы интерактивті іс-шараларға тұрақты түрде қатысып келеді.

Осылайша, Бөрлі ауданында сайлау жүйесін жетілдіру жұмысы кешенді түрде жүзеге асуда. Ашықтыққа негізделген диалог, кәсіби дайындыққа мән беру және жастармен жүйелі жұмыс сайлаушы сенімін нығайтудың негізгі тетіктеріне айналып отыр. Бұл – Мемлекет басшысы ұсынған реформалардың аудан деңгейінде нақты мазмұнмен толықтырылып, демократиялық дамудың берік негізі қаланып жатқанын көрсетеді.

 

Ерлан Каржауов

Бөрлі аудандық аумақтық сайлау

комиссиясының төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале