Жәнібек ауданының һәм кәсіпкерліктің дамуына біраз жыл қажырлы еңбегімен үлес қосқан жандар көп. Соның бірі – Жәнібек ауданының құрметті ардагері Бәтима Масанова. Оны ауыл жұрты кәсіпкер, медиатор әрі кең жүректі батыр ана ретінде жақсы таниды. Сонымен қатар Бәтима Меңдешқызы – елімізде сайлаудың әділ және жоғары деңгейде өтуіне еңбегі сіңген, өз үлесін қосып келген жан. Ол аудандағы №140 сайлау учаскесінде отыз жыл бойы қызмет жасаған.
Жәнібек аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жарқын Хайырлиев пен хатшысы Гүлмира Есниязова 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесінің қарсаңында Бәтима Масанованы құттықтап, естелік сыйлығын табыстады. Қазіргі таңда немере-шөберелерінің қызығын көріп, бақытты әже атанған жанға Жарқын Ғиниятұлы отбасы амандығы мен денінің саулығын тілеп, жылы лебізін білдірді.
Ясина Нұрболат,
Жәнібек ауданы