Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы саяси реформа бастамаларына толы. Бұл құжатта Мемлекет басшысы кешегі қаңтарда басымыздан өткен жағдайды сараптап, алдағы атқарылар істерді айқындады.
Президент өкілеттігінен бастап, өзін-өзі басқару, партия жүйесі сияқты ішкі саяси мәселелерге тоқталған ол сайлау үдерісін жаңғырту жайында тұшымды бастамалар ұсынды.
«Саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру. Бұл жұмысты сайлау үдерісі арқылы да жүзеге асырамыз» деген Президент сайлаудың қолданыстағы үлгісі еліміздегі партиялық жүйені дамытуға серпін бергенмен, партияда жоқ азаматтардың Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органда сайлана алмауына соқтырғанын ашық айтты. «Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі» дей келе, ол Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатынын айтты. Осындай аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Аралас сайлау үлгісі азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елімізді жаңғырту үдерісіне жұмылдыра түсері де сөзсіз.
Сайлауға қатысты Президент тағы бір жаңа үдеріс енгізуді ұсынып отыр.
«Сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде аумақтық сайлау комиссиялары да маңызды рөл атқарады. Былтыр ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізілгені белгілі. Осыған байланысты сайлау науқаны бүкіл еліміз бойынша үздіксіз үдеріске айналды.
Енді аумақтық сайлау комиссияларының жұмыс тәсілін қайта қараған жөн. Олар бұл іспен кәсіби түрде айналысуы қажет. Біз бір азаматтың екі рет дауыс беруін болдырмауға тиіспіз. Сондай-ақ азаматтарымыз кез-келген учаскеде дауыс бере алуы керек. Сол үшін сайлаушылардың бірыңғай электронды базасын құру мүмкіндігін қарастыру қажет. Жекелеген тұлғалардың сайлау барысына ықпал етуіне жол бермеу үшін сайлау қорына салынатын қаржының жоғарғы шегін нақтылау керек. Конституция және халықаралық құқық бойынша Қазақстандағы кез-келген сайлау – біздің ешкім араласуға қақы жоқ ішкі ісіміз. Бірақ, бұл норма сайлау нәтижесіне шетелден ықпал етуге әрекет жасау ықтималдығын жоққа шығармайды» деген ол сайлау өткізуде баламалы, яғни, электронды, мерзімінен бұрын, қашықтан, көпкүндік дауыс беру тәсілдерді қолдану мүмкіндігін қарастыруды да айтып өтті.
Жалпы, биылғы Жолдау біздің қызметімізге жаңару мен жаңғырту әкелді.
Халықаралық тәжірибеде сайлауды ұйымдастыру жүйесі ұдайы өзгеріп отыратыны белгілі, яғни әділ және ашық сайлау өткізу үшін тиімді шешім іздеудің маңызы зор. Біз де сол тиімді жолмен сайлау өткізуге қол жеткізерімізге сенемін. Және де осы жолда біліктілігімді арттыруға дайынмын.
Арсен Бисенғалиев,
Теректі аудандық аумақтық сайлау
комиссиясы төрағасының орынбасары