2025 жылы Бәйтерек ауданында жас сайлаушылар клубы құрылды. Оның мүшелігіне 19 адам сайланды. Одан бөлек, аудандағы 42 мектептің жартысында оқушылар арасында мектеп президенттерінің сайлаулары ұйымдастырылды. Мектепішілік бұл саяси додаға аудандағы учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері әдістемелік көмек көрсетті. Дәл осындай сайлау «Бәйтерек» колледжінің студенттері арасында да өтті.

Бұл туралы Переметныйда болған облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламановпен және осы комиссияның мүшелері Асланбек Ғұбашевпен, Райымбек Нұрекешевпен болған кездесу кезінде айтылды. Жиынға жергілікті сайлау комиссияларының жетекшілері мен мүшелері, жас сайлаушылар, саяси партия, қоғамдық ұйым, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Радик Ихласов баяндағандай, Бәйтеректе 1 аумақтық, 13 округтік, 53 учаскелік сайлау комиссиялары жұмыс істейді. Учаскелік сайлау комиссияларында 319 мүше болса, соның 16-сы қоғамдық ұйымдардан ұсынылған. «2025 жылы ауданымызда алты ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтті. Оның бесеуі ауыл әкімінің өкілетті мерзімі аяқталуына байланысты, біреуі кезектен тыс болды, - деді Радик Мақсотұлы.
- Бұл сайлаудың бәрі жоспарға сай ұйымдастырылып, ойдағыдай өтті. Осы сайлауларда кандидаттардың 14 сенімді өкілі және «АМАNАТ» партиясынан 13, «Ауыл» партиясынан 2, «Сенімді болашақ» қоғамдық ұйымынан 10, «Абырой» қоғамдық бірлестігінен 3, «Жария» қозғалысынан 6 және жергілікті БАҚ-тан 11 өкіл қатысты. 2026 жылы Раздольный, Белес, Переметный, Махамбет, Атамекен, Щапов, Көшім ауылдық округтары әкімдерінің сайлауларын өткізу жоспарланып отыр».

Жас сайлаушылар клубының төрағасы Толқын Әмірханқызы 2025 жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның сөзіне қарағанда, ауданда 16700-дей жас бар. Алайда олардың көбі сайлауға баруға аса құлықты емес. «Бізсіз де шешіледі ғой» деген ойдың жетегінде жүр. Жас сайлаушылар клубы жұмысын бастаған бойда жастардың осынау ойын өзгерту бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алған. Ауылдарда ешқандай іс-шараларға бармайтын тек әлеуметтік желіде отыратын жастарды да қамту мәселесі күн тәртібінде тұр.
Өз кезегінде сөз алған облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы осынау сапарының басты мақсаты – «тұрғындар арасында электоралдық сана мен мәдениеті қалай қалыптастырамыз?» деген сұраққа жауап іздеу. Әсіресе жастарды сайлауға тарту жайы өзекті. Осынау мәселелерді шешу жолдарын талқылау мақсатында аудандарға шығып, жергілікті жерлердегі аға, орта буындармен, жастармен, саяси партия, қоғамдық ұйым өкілдерімен ақылдасып жүр. Таяуда олар Ақжайық ауданында болса, енді Бәйтерекке келіп отыр.
- Бәйтерек - облыс орталығын қоршай орналасқан, тұрмыс-тіршілігі қаламен өте тығыз байланысып жатқан аудан. Мұндағы жастар да Оралдың жастары секілді деп ойлаймыз. Яғни ауданда белсенді жастар көп екенін білеміз. Сонымен қатар, жаңа Толқын Әмірханқызы айтқандай, көп ешқайда шықпайтын, бейнелеп айтқанда, орнынан қозғалуы қиын жастар да жоқ емес. Бәріміз бірігіп солардың көңілдеріне түрткі салуымыз керек. Арамызда сайлауды бұрынғыша қабылдайтындар да жетерлік. Демократияның маңызды институты болып табылатын сайлаудың жаңа форматқа көшкенін, ашықтықты барынша қамтамасыз ету қолға алынғанын түсіндіре білуіміз қажет. Кейде тұрғындар тарапынан сайлауда бәсекестік жоқ деген сөздерді естіп қалып жатамыз. Біз бәсекелестікті қамтамасыз ете алмаймыз. Кандидаттар саяси партиялардың атынан, өздерін ұсынып сайлауға түсіп жатады. Аумақтық сайлау комиссияларының міндеті - сол кандидаттар арасындағы бәсекенің адал әрі таза жүруін қамтамасыз ету. Сайлау шараларын заң аясында тиісті деңгейде ұйымдастыру. Біз осынау қызметке келгелі, яғни 2024 жылдан бері «мына жерде сайлау дұрыс өткен жоқ» деген әңгіме болған емес. Әлеуметтік желілерде жалпылама сөз қозғалғанымен, нақты деректер көрсетілген жоқ. Мұны бізге берілген баға деп есептейміз, - деді Әділ Тауфиқұлы.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясында Бәйтерек ауданы бойынша куратор болып табылатын Асыланбек Ғұбашевтың айтуынша, жастардың сайлауға бармауы мемлекеттің негізіне төнген үлкен қауіпті білдіреді. «2025 жылдың күзінде Орталық сайлау комиссиясы жастардың сайлауға қатысуы бағытында ақпарат жинаған еді, - деді ол.
- Сонда мәлім болғандай, жастар сайлауға аға және орта буындармен салыстырғанда 11 пайыз аз барады екен. Бұл жастардың жауапкершілігін, белсенділігін дамытуға қатысты тиісті деңгейде жұмыс жүргізілмегенінің көрінісі. Сол себепті осынау олқылықтың орнын толтыру үшін жергілікті деңгейде тек атқарушы құрылым не сайлау комиссиясы емес, саяси партия, қоғамдық ұйым өкілдері бәрі де атсалысуы керек».

Жиын соңында сайлау науқандарын ұйымдастыруға, өткізуге белсенді қатысқандарға және жергілікті сайлау органдарының жұмысына жәрдемдескендерге ОСК (ЦИК) мен облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағаларының алғыс хаттары берілді.
Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы