Бөкей ордасындағы аудандық мәдениет үйінде «AMANAT» партиясы БҚО филиалының төрағасы Азамат Сафималиевтің қатысуымен аудан әкіміне үміткер Нұрлыбек Даумовтың халықпен кездесуі өтті.
Жиын барысында Нұрлыбек Даумов өз өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, кездесуге келген жерлестеріне алғысын айтып, дауыс беруге және жалпы сайлауға белсенді қатысуға шақырды.
Кездесу барысында үміткермен қатар ауыл белсенділері де пікірлерімен бөлісіп, кандидатты бірауыздан қолдайтындарын жеткізді.
Мысалы, Арыс Әжіғалиев үміткермен жерлес екенін айтып, тіпті бір шумақ өлеңін арнады. Ал ауыл белсендісі Қалампыр Айтжанова Нұрлыбек Даумовтың осы күнге дейін атқарған істеріне ризашылығын жеткізіп, сәттілік тіледі.
Ал ауыл ақсақалы Ерболат Таңатов:
– Сөздің ашығына келсек, облыс одан әрі республика көлемінде лауазымды қызмет атқарған жерлестеріміздің саны ауыз толтырып айтуға келмейді. Дегенмен Нұрлыбек Жасқайратұлы үлкен орындарда қызмет етті, басшы ретінде де көріне білді. Орта көрген азамат тарихы терең елімізге өз үлесін қосады деп сенемін. Қысқа мерзімнің ішінде атқарған жұмыстарының өзіне алғыс айтуға болады. Бұл жерде республикалық маңызы бар тас жолынан бастап ауданымызға қарасты елді мекендерде жөнделіп жатырған медпункттер мен ФАП-тарды айтуға болады. Одан қалды Бисен ауылындағы мәдениет үйінің салынуы. Мұның бәрі көп еңбектің нәтижесі, – деді Ерболат Таңатов.
Жиын соңында «AMANAT» партиясы БҚО филиалының төрағасы Азамат Сафималиев қатысушыларды партия ұсынған үміткер Нұрлыбек Даумовке дауыс беруге шақырды.
Еркебұлан Бисенғалиев,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz