Бүгін Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі аясында «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні» мерекесіне орай Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара оздырылды.
Аталмыш салтанатты шарада аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, өңірдің ауыл шаруашылығының өркендеуіне өзіндік үлес қосқан бір топ ауыл еңбеккерлеріне марапаттаулар табыстады.
– Халықтың әл аухаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп келеді. Мемлекеттік арнайы бағдарламалардың арқасында еліміздің ауыл шаруашылығы жаңа деңгейге көтерілді. Біздің ауданымыздың негізгі бағыты ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығына бағытталған. Соңғы 3 жылда мал басы саны артты. Малды асылдандыру жұмыстары қолға алынды.
Тәуелсіздік жылдары ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласында басқа да көптеген іргелі істер атқарылды. Алға қойған міндеттерді орындауда алдағы уақытта да жергілікті атқарушы орындар тарапынан сіздерге қолдау көрсетіле береді. Мемлекет тарапынан берілген тапсырмаларды орындау жолында сіздермен бірлесе жұмыс жасаймыз деген зор сенімдемін, - деді аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы.
Мерекелік жиында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасымен» Қаратөбе ауылдық округіндегі «Мақсат» шаруа қожалығының жетекшісі Ғабит Мақанов, ҚР Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Елеулі еңбегі үшін» медалімен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені мемлекеттік инспекция комитетінің «Республикалық фитосанитария және болжамдар әдістемелік орталығы» Республикалық мемлекеттік мекемесі Қаратөбе аудандық филиалының басшысы Бейбіт Тойшыбаев пен Егіндікөл ауылдық округіндегі «Маңғы» шаруа қожалығының жетекшісі Болат Жұмағалиев, ҚР Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені мемлекеттік инспекция комитетінің «Республикалық фитосанитария және болжамдар әдістемелік орталығы» Республикалық мемлекеттік мекемесі Қаратөбе аудандық филиалының аутокөлік жүргізушісі Жанболат Бексегуров, ҚР Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Құрмет грамотасымен» Қоскөл ауылдық округініндегі «Мөлдір» шаруа қожалығының жетекшісі Төлеуәлі Каримов және аталмыш округтегі «Қоскөл 07» өндірістік кооперативінің төрағасы Зинел Есенғазиев, Батыс Қазақстан облысы ветеринария басқармасы басшысының алғыс хатымен аудандық ветеринариялық зертханасының санитары Гүлайым Жаңабаева мен аудандық ветеринариялық станциясының Қаракөл ауылдық округі бойынша мал дәрігері Замира Садақбаева марапатталды.
Қоскөл ауылдық округі аудан әкімінің алғыс хаты мен «Мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысқан үздік ауылдық округі» аталымына ие болды. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы жергілікті ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Дәулетжановтың, аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің алғысхаттарымен бір топ сала қызметкерлері марапатталды.
Мерекелік шара аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлері аудан әншілері Мерей Амагельдиевтің, Мира Байтемірованың, Сақтаған Мемлекетовтың Рүстем Ақташев пен Аяжан Исмағұлованың, Таңат Жексенбаевтың орындауындағы әндерді тамашалады.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы,
zhaikpress.kz