Өткен жылы «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы бекітілген болатын. Биыл осы атақ бірқатар сала мамандарына табысталды. Кеше, Ақорда да өткен салтанатты іс-шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің су шаруашылығы саласын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Сурет: akorda.kz
Марапат иелерінің қатарында жерлесіміз – Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы директорының орынбасары Төлеген Базарұлы Ғұмаров та бар. Ол Мемлекет басшысының қолынан «Құрмет» орденін алды.
Айта кетейік, Төлеген Базарұлы — су шаруашылығы саласында ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан білікті маман. Ол 1991 жылы Саратов қаласындағы Л.И.Калинин атындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру институтын «Гидромелиорация» мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдаған. Осы жылдар ішінде түрлі лауазымдарда абыроймен еңбек етіп, еліміздің су шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосып келеді. Оның еңбек жолына тоқталсақ: Облыстық мелиорация және су шаруашылығы басқармасы, аудандық суармалау жүйелері басқармасы Пятимар учаскесінің гидротехнигі, су ресурстары жөніндегі облыстық комитет, «Батыссушар» РМК Жаңақала пайдалану учаскесінде жетекші инженер, 2013 жылдан бері – «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалы директорының орынбасары қызметінде. Еңбек жолындағы жетістіктері елеусіз қалған жоқ. Ол 2020 жылы — ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен, 2024 жылы — Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «3 дәрежелі Еңбек даңқы» төсбелгісімен, 2024 жылы — «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Сыйлыхан Жұмасалық,
Жаңақала ауданы