19.01.2023, 18:45
Оқылды: 3

Саладағы бірқатар мәселелер талқыланды

18 қаңтар күні Қазталов аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Рүстем Зұлқашевтың төрағалығымен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кеңейтілген отырыс өтті. Жиында ауданымыздағы ауыл шаруашылық саласындағы түйткілді мәселелер мен мемлекеттік бағдарламалар талқыланды. Шаруалардың алаңдатқан жер-су мәселесі, мал ұрлығы мен мемлекет тарапынан жүргізіліп жатырған қолдау шаралары жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет берілді.

Ауданымыз ауыл шаруашылық саласы жөнінен өңірде алдыңғы орында келеді. Қолда бар ақпараттарға сүйенсек, ауданымызда 113 792 бас ірі қара, 277 545 қой мен ешкі, 33 698 жылқы және 247 бас түйе малы бар. Оның ішінде асыл тұқымды 12 018 бас ірі қара, 11 719 бас қой, 1392 бас жылқы малын асырап отырған 87 шаруашылық бар. Әйтсе де төрт түліктің азығы мен ет-сүт өнімдерін өндіруде іркіліс бар. Ал мал азығын дайындау мәселесіне, жалпы егін шаруашылығын дамытуға ниетті азаматтар қатары сирек. Егер мал басын арттырып, егін егуге қызығушылық болмаса, саланың ертеңгі күні қандай болмақ? Қазіргі уақытта мал басын көбейтіп, ет өнімінің ғана пайдасына кенеліп отырмыз десек, артық айтқандық емес. Бүгінгі басқосуда осы жайттарға да көңіл бөлінді.

20230118105100_IMG_2209

Кеңейтілген кеңес отырысындағы алғашқы баяндаманы аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов жасады. Ол өз сөзінде аудан көлемінде ауыл шаруашылық саласы бойынша 2022 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, 2023 жылға жоспарлары жөнінде баяндады.

-2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ірі қара мал саны 11,9, қой 6,6, ешкі 5,4, жылқы 11,8, түйе 12,3 және құс өсіру 5,5 пайызға артып отыр. Өнімдеріне тоқталар болсақ, 2023 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша ауданымызда 13109,5 тонна ет, 27121,8 тонна сүт, 2805 мың дана жұмыртқа және 414,1 тонна жүн өндірілген. Сонымен қатар, ірі қара малын селекциялау жұмыстары да біріздендіріліп келеді. Аналық малды түрлендіру бағытында жүргізілген ақпараттық талдау жүйесінде еліміз бойынша 166 аудан мен 35 қаланың ішінде үздік үштіктеміз. Ал асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялауға ауданымыздағы тауар өндірушілерге 1396,7 млн теңге бөлініп, соның ішінде 1024,3 млн теңге асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға төленіп отыр, - деді бөлім басшысы.

Сергей Хариполлаұлы баяндамасында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері, мал азығының жинақталуы, өсімдік шаруашылығы және ауданымыздағы машина-трактор паркінің көрсеткіштеріне тоқталды. Шаруалар да мал өнімдерінен тек ет және сүт өнімдерімен шектелмей, шикізат өндіруді де қолға алу керектігі жөнінде ұсыныс жасады.

20230118104548_IMG_2208

-Ата кәсіппен айналысып жүрміз ғой. Бірақ ет пен сүт өндіріп қана қоймай, малдың терісін, жүнді өндіру мәселелерін де назарға алу керек. Бұлай жалғасар болса, баққан малдың терісі ысырап болып, еңбек те еш кетеді, - деді «Данияр» шаруа қожалығының жетекшісі Талғар Қоржымбаев.

Ұсыныс орынды екенін ескерген аудан әкімі бұл мәселе тұрғысында да нақты шешімдер қабылдау қажет екендігін атап өтті.

Ал жиында сөз алған аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Назар Сапарұлы мақсатына сай пайдаланылмай жатырған жер учаскелерін мемлекетке қайтару жұмыстарының жүргізілу барысын тілге тиек етті.

- Қазақстан Республикасы Жер кодексіне сәйкес «Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану мониторингін ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы негізінде мониторинг жүргізілді. 2022 жылы нысаналы мақсатына сай пайдаланбай жатқан 53213 га жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Қосымша мониторинг жүргізу нәтижесінде 34385 гектар құрайтын 21 шаруа қожалығының жер учаскелері анықталды. Жер учаскелерін нысаналы мақсатына сай пайдалану туралы хабарлама берілгеннен кейін 1195 га құрайтын 2 субъект жер учаскелерін мемлекет меншігіне толықтай қайтарды. Ірі агро құрылымдардың бірі «Перспектива Кан» ЖШС 5000 га шабындық жер учаскесін кемітті. Қалған 28190 га  құрайтын 19 шаруа қожалықтарының жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілу үстінде, - деді ол.

Жиында аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Эльмира Сармалаева жұмыссыздықты азайту және халықтың табысын арттыру мақсатындағы «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жоба», «Ұрпақтар келісімшарты» және өзге де бағдарламалардың тиімділігін тілге тиек етсе, аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция майоры Мәрлен Қарабаев ауданымыздағы мал ұрлығы деректері мен алдын алу шаралары жөнінде баяндады. Құқық қорғау органның қызметкері шаруаларды малға «GPS» трекерлерін орнатуды ескертіп, заң талаптарына бағынуға шақырды.

20230118112313_IMG_2210

Шаруалар мал шаруашылығы өнімдерін өндіру, жерді тиімді пайдалану және мал ұрлығының алдын алудағы шаруалардың рөлі жөнінде сауалдарын қойды.

-Ауыл шаруашылық саласын дамыту мақсатында және жұмыссыздықтың алдын алу үшін мемлекет тарапынан тиімді бағдарламалар қолға алынды. Ауданмызда 27 мыңнан астам халық бар десек, оның ішінде 13 мыңнан астамы - экономикалық белсенді азаматтар. Оның ішінде 8000-нан астам аудан тұрғыны бюджеттік салада қызмет етіп, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар болса, қалған 5000-ға жуық адамның жұмыс орыны жөнінде ақпарат жоқ. Демек, олар көлеңкелі экономика арқылы табыс тауып жүр. Ресми дерек бойынша 167 адам шаруа қожалықтарда жұмыс істеп жүрсе, 600-ден астам азамат қожалықтарда қызмет еткенімен, ресми түрде тіркелмеген. Бұл экономиканың алдыға жылжуына кедергі болып отыр. Сондықтан, ауданымыздағы шаруа қожалықтарды және жұмыскерлерді мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау шараларын тиімді пайдаланып, есепті уақытылы тапсырып, жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, еліміздің заңдарын басшылыққа ала отырып тиісті жұмыстарды атқарыңыздар, - деді аудан әкімі жиынды қорытындылап.

20230118112635_IMG_2214

Ауылшаруашылық саласының бүгіні мен келешегі сараланған жиында аудан көлемінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің бірлестігі құрылып, көпшілік дауыспен «ЕрҚанат» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихат депутаты Қуаныш Ермеков аталған бірлестіктің төрағасы болып сайланды.

-Еліміздің экономикасын дамытудағы жетекші салалардың бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Ауданымыздың басты табыс көзі де осы салаға тікелей байланысты. Осы орайда жергілікті шаруалардың үнін мінбердегілерге жеткізер салалық бірлестік қажет болды. Бүгін құрылып, мақсаты мен міндеті айқындалып, төрағасы болып сайландым. Егер жергілікті атқарушы билік шаруалармен кездесіп, саладағы түйткілдерді талқылап отырса, мәселелер де азаятындығы сөзсіз, - деді Қуаныш Мерекеұлы.

Халқымыздың ата кәсібі мал шаруашылығы екен деп, өзге саланы да шетке ысырып қоюға болмайды. Малды жазда жайлауда, қар түскенде қыстатқанымызбен оның азығына да ден қойған жөн. Төрт түліктің өнімдерін де арттырып экономикада үлесіңіз қалыптасуы керек. Сондықтан салалық келелі жиыннан түйгені мол жандар қатары артып, салада ілгерілеу болады деп сенеміз.

Асылбек Нәсіпқали

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале