28 маусым - бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. Кәсіби мейрамдарында “Сырым елі” қоғамдық - саяси газеті редакциясының журналистері бірқатар марапаттарға ие болды.
Атап айтсақ, Сырым аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Исатаева осы сала бойынша қалам тербеп, мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң - мұқтажын жиі көтеретін журналист Шынар Молданиязоваға алғыс хат тапсырды. Ал сырымдық спортшылардың, соның ішінде балғын балуандардың жеңіс сүйіншісін сұрайтын, кейде өзі де жүгіру дадаларына қатысатын беспаспап Айжан Амангелдинаға Асқар Шайхиев атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бауыржан Ихсанов мерекелік құттықтауы мен сыйлығын жеткізді.
Ал, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Қайрат Абсатыров марапатын Мүсірбек Айташевқа ұсынды.
-Ауданның шаруашылық тынысын, көктемгі, жазғы далалық жұмыстардың қарқынын, науқандардың ауқымын, тіпті жем - шөп бағасын - оқырмандар бәрін де “Сырым елі” қоғамдық - саяси газеті арқылы біліп отыр десек артық айтпаймыз. Әсіресе, ел ішіндегі еңбек адамдарын - диқан - пішеншілерді, механизаторларды, малшыларды мәртебелі мамандар ретінде таныстыруда, қыстақ пен жайлаулардан сюжеттер жолдауда журналист Мүсірбек Айташевтың ауқымды үлесі бар. - делінген алғыс хатта. Сырымдық журналистерді түс әлетінде Сырым ауданың прокуроры Нартай Елібаев салтанатты түрде қабылдады.
"Сырым елі",
zhaikpress.kz