Осыған дейін Сырым ауданында жол – жөнекей жайылған малдардың иелерін анықтау мен мал бағымына қатысты тәртіп беру бағытында бірқатар шаралар атқарылды. Рейдтік керуенді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Төлеповтың өзі бастап шығып, трасса жағалай тебіндеген жылқылардың қожайындарын жол жиегіне шақыртты.
Ескерту бер, шара қолдан, бәрібір, көп жылқышы «ұзынаяқтарын» түгендеп, қара жолдан бері қарай қайырмалап отыруды аса құнттамайды.
Екіншіден, баққан малы көлікке соғыла берсе, иесіне де салмақ емес пе. Малдың автөлік жолында жүруі біріншіден әрине, адам өміріне қауіп. Трассадағы трагедиялардан қашан сабақ аламыз? Малдың орыны толар, адамның орыны толмайды. Апаттар орын алғанда, шарасыз күйге түсіретін тағы бір жайт – үй жануарларының не ені не таңба – сырғасы болмауы. Айнала өрген үйір, табын. Бірінде сырға бар, мыңында жоқ. Бәлкім иелері жауапкершіліктен қашатын болар, бірақ біреудің шығынына, тіпті қайғысына себепкер болуды жүрегіңмен сезініп жүру де оңай емес қой.
Өткен жолы әріптесіміз Қоңдыкер Елеуовқа Сырым аудандық полиция бөлімі мынадай деректерді ұсыныпты:
- Қазіргі таңда ауданымыздың үстімен өтетін республикалық маңызы бар Самара -Шымкент, облыстық маңызы бар Ақсай-Жымпиты және Жымпиты-Қаратөбе тас жолдарында үй шаруашылығы жануарларының қатысуымен жол-көлік оқиғаларының орын алуы жиілеп кетті. Ауыл шаруашылығы жануарларының қатысуымен 2025 жылдың екі айының ішінде 9 жол көлік оқиғасы тіркелді. Аз емес. 2024 жылы есепті кезеңде 2 оқиға орын алған болатын. Абырой болғанда, қаза тапқандар мен жарақат алғандар жоқ. Бірақ көліктер бүлініп, материалдық шығын көп тіркелуде.
Үй жануарларының иелері тек 2 жол-көлік оқиғасы бойынша ғана белгілі болды. 7 факті бойынша түйіскен түліктердің кімге тиесілі екені анықталмады. - дейді Сырым аудандық полиция бөлімінің бастығы Тимур Айтуғанов.
Осы тұста тағы бір мәселеге ауысуға тура келеді. Ол – мал басын бірдейлендіру ісі.
Дәл осы бірдейлендіру жұмысына салғырт қараудың бәлкім қасақана бас тартудың кесірі мал ұрлығының ашылмауына, жол – апаттарының нақты себепкерлерін анықтауға кесір тигізіп жатқанын ҚР АШМ ВБжҚК Сырым аудандық аумақтық испекциясының басшысы Равиль Темірболатов та айтып отыр:
Мал өзімдікі, тіркеймін бе, тіркемеймін бе, өзім білемін! – деп өзеуреуге әсте болмайды екен.
Равиль мырзаның айтуынша, Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының 25 бабы 5 тармақшасы бойынша жеке және заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге міндетті. Ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015-жылғы 30-қаңтардағы «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларын бекіту туралы» №7-1/68-ші бұйрығына сай жүргізіледі.
Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің қызметкері Азамат Айтимовтың берген наурыз айының 1 жұлдызындағы ақпарға сүйенсек, Сырым ауданында 63 999 бас ірі қара, 95 500 бас қой, 14 448 ешкі және 32 174 бас жылқы бар. 112 бас «дала кемелері» - түйелерді қосып қойыңыз.
Қазір төлдеу науқаны. Абай айтқандай, «түйе боздап, қой қоздап, қорада шу». Төлдерді қай уақытта тіркейді?
Равиль мырза жеке және заңды тұлғалар тарапынан ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ережелері бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 406 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын да ескертті.
Үйіңізде жан, қораңызда мал көбейсін! Малыңызды тіркетуді ұмытпаңыз!
Бірдейлендіру - жалпыға бірдей міндет.
Б. Шерім,
Сырым ауданы